Путин Қостанайға бармайды: оның келуіне жұмсалған 13 млрд теңге бос шығын ба

Путин мен Тоқаев форумға онлайн қатыспақшы

Ulysmedia.kz

Ұлттық экономика министрі 9 қарашада Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге қанша қаржы жұмсалғанын айтты, деп хабарлайды Taulik.kz.

Министрдің айтуынша, шараны ұйымдастыруға 13 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Бастапқыда қалаға Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келеді деп жоспарланған. Алайда кейінірек президенттер форумға онлайн түрде қатысатыны белгілі болды. Осы орайда журналистер ҰЭМ басшысынан “Жұмсалған қаржы бос кеткен жоқ па?” деп сұрады.

Алайда аймақ басшылығы секілді Қуантыров та қаладағы кез келген инфрақұрылым қала тұрғындарының игілігі үшін жасалатынын алға тартты.

"Шара өтеді, Ресейдің шекаралас аймақтарынан кәсіпкерлер, біздің кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер келеді. Қала дамуы үшін кез келген нысан, соның ішінде визит орталықтар қажет. Мәселе біраз өңірде кәдімгі қонақүйлердің болмауы туралы. Мысалы, қазір өкінішке қарай облыс орталықтарының көбінде қонақүйлер жоқ. Елде әлемдік брендтер Астанада, Алматыда, Шымкентте, Атырауда, Маңғыстауда бар. Ал инвесторларды 4-5 жұлдызды қонақүйлер тартады. Жақында Оралға бардым. Онда бүкіл қалада жалғыз қонақүй бар", – деді министр.

Әлібек Қуантыров салынған барлық инфрақұрылым нысандары қалалықтар үшін қызмет ететінін, олардың инвестициялық тартымдық үшін пайдалануға болатынын атап өтті.

Loading...