Көрімдік. Оны қазақ халқы қандай жағдайда сұраған?

Көрімдік қандай жағдайда беріледі?

Көрімдік – қуанышқа ортақтас екенін білдіру үшін берілетін сый. Сәби дүниеге келгенде, жас келін түскенде, мал төлдегенде туған-туыс, дос-жаран, көршілердің тарапынан көрімдік сыйы берілген. Қазақ халқы көрімдік беру арқылы жақын туыстардың арасындағы сыйластық пен адамгершілік артып, татулық пен бірлік нығая түседі деп сенген.
Көрімдік тек жандыға беріледі. Қуанышты хабар айтқан адам көрімдік сұрай алады немесе қуаныш иесі оған өз қалауымен көрімдік береді. 

Нәрестелі не келін түскен үйге "бауы берік болсын", "құтты болсын" айта келгендерден көрімдік сұрап, содан кейін ғана сәбиді не келінді көрсеткен. Қызға сырға салуға барған кезде жігіт жақ қызды көрімдік берген соң ғана көрген.  Ұзатылып бара жатқан қыздың жеңгелері "Болашақ келіндеріңізді көріп, көрімдігін беріңіздер", – деп құдалардан көрімдік сұраған. Жігіттің анасы жас келіннің маңдайынан сүйіп, үлкендер ақ батасын айтып, жеңгелеріне көрімдіктерін берген.

– Келінді көрген адамнан,

Көрімдік деп мал алар.

Беретінін әр кісі,

Өз үйінде шамалар, – деп өлеңдеткен.

Бұрындары көрімдік ретінде ірі қара, жылқы, қой-ешкі берген. Үстіне шапан кигізген. Қазір көрімдікті ақшалай беру әдетке айналды. Ал жансыз затқа, яғни жаңа киім немесе бұйым, жиһаз, баспана, көлік сатып алынғанда байғазы сұраған.

Көрімдік сұраудың дәнекерлік мәні

Көрімдіктің жеке адамдар арасындағы қатынаста дәнекерлік мәні бар. Әйелдер өз қолымен жасаған бұйымына және ерекше құнды киімі мен әшекейлеріне де көрімдік алады. Кілем, сырмақ, текемет сияқты төсеніш заттарын көрімдік берілгеннен кейін ғана ортаға жайып талқылайды. Ондайда қазақы ортада қалыптасқан «балалар теуіп тоздырсын», «жақсылыққа жайылсын», «игілігіңе ұста» сияқты тілектер айтылады. Ерлер жағы жаңа ұстаған қыранына, тіпті алғаш ел көзіне алып шыққан көрнекті киім-кешек, ер тұрманына да көрімдік дәметеді. Көрімдік адамдардың ықыласы, ақ тілегінің бейнесі болғандықтан, оның тұрмыс-тіршілікте тәрбиелік мәні зор.

Loading...