Болат Назарбаевтың үйінің маңына полиция күзеті қойылды, жеке күзет те күшейді. Азаттық тілшісі ұялы байланыс нашар болғанын хабарлады.
Күзет Азаттық видеооператорын кәсіби видеокамерасымен үйдің алдына қарай маңайлатпады. Таңертең тілші үйдің қақпасына барғанында белгісіз адамдар түсірілім жасауға тыйым салды. Тілшілер жаназаны шамамен 250 метрдей қашықтан бақылап тұрды, ал жақындағанда полицей тілшіні артқа шегіндірді.
биік қабырғалы үй мен темір қақпаның алдына жүздеген адам жиналды, олардың арасында имам да көрінді.
Сағат 11-лер шамасында Болат Назарбаевтың жаназасы аяқталып, үйдің жанында тұрған көліктер зиратқа қарай жылжыды, жиналған адамдар да тарай бастады.
Өзін Болат Назарбаевтың туысымен деп таныстырған кісі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев марқұм інісінің үйіне 13 қарашада келіп, көпшілік алдында сөйлегенін, 14 қарашада жаназаға да қатысқанын айтты.
Жаназаға Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысқан, бұл жөнінде ресми түрде хабарланған жоқ. Туысы Болат Назарбаевтың Шамалғандағы "Назарбаев әулетінің қорымына" жерленетінін айтты.
Шамалған ауылындағы қоштасу рәсімі құпия түрде өтті. Марқұмның қай қорымға жерленетіні ресми түрде айтылмады. Жергілікті ақпарат құралдары Болат Назарбаевтың жаназасына Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болған Алик Шпекбаев, Назарбаевтың көп жылғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев келгенін айтты.
13 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли президенттің Болат Назарбаевтың қазасына байланысты Нұрсұлтан Назарбаевқа көңіл айтты деген. Тоқаевтың жерлеу рәсіміне қатыспайтынын да хабарлаған.