Алматыда Түрік эстрадасының аңызы Тарканның концерті өтті

Әйгілі түрік әншісі Таркан Қазақстанда өнер көрсетті

taulik.kz

«Түрік поп-музыкасының ханзадасы» атанған, 90-жылдары өз елінде ғана емес, басқа елдерге де  «Oynama şıkıdım…», «Dudu», «kiss kiss» әндерімен танымал болған әйгілі түрік әншісі Тарканның Қазақстанда концерті өтті. Концертке Қазақстанның әр өңірінен әншінің тыңдармандары келсе, жалауларын желбіретіп түрік бауырларымыз да ең алғашқы боп қалың көшті бастап келді. Қазақстандық тыңдармандардың басым көпшілігі Тарканның әнін жанды дауыста тыңдауды өте қатты ынтызарлықпен күткен. Айтуларынша, жас кездерінен Тарканның әуенің үнтаспадан тыңдап, әнінің сөзін қағазға түсіріп, сүйіп тыңдаған.

Кеш Тарканның «Yolla» әнімен ашылып, көптен күткен ерекше клиптер тізбегімен басталды. Әншінің өзі көрерменнің ыстық ықыласымен, айрықша әдемі харизмасымен, көздің жауын алатын сәнді күртешесімен ортаға жарқырап шықты.

Әуезді кеш басталмас бұрын кеш қонақтарынан Тарканның шығармашылына деген қызығушылықтарын сұрадық. Соның ішінде продюсер, танымал блогер Әден Марғұлан Тарканның концертіне алғаш келгенін және бала кезінен оны тыңдап өскендіктен, шетелдік әншілердің ішінде Тарканнан ерекше жылы леп сезетінін айтты. Продюсер Тарканның ең танымал әндерімен қоса, бұрынғы буын өкілдерінің де әндерін тыңдайтынын айтты. «Әрі осындай кештердің Қазақстанда болғаны ұнайды, себебі бір жағынан ерекше естеліктерді еске аламыз, екінші жағынан артық шығын шықпайды»,- деді блогер.

Сондай-ақ эстрада жұлдызы Нұрболат Қанай да Тарканның шығармашылығына өз бағасын беріп кетті.

«Таркан мен үшін – аңыз адам. Оның шығармашылығына «10-нан 10» деген баға беремін. Себебі бала кезімнен дисктан әндерін тыңдап, газеттен қарап, билеп, пародия жасап Тарканға қарап өстік. Бүгінгі кештен ерекше әсер алып қайтатынымызға сенемін. Кештен тек шабыт, жаңа идеялар күтемін»,- деді әнші.

Тарканның шығыс жанрындағы «Kiss kiss», «Dudu», «Bu Gece», «Shikidim» әндері шырқалғанда залдағы көрерменнің жалынды энергиясы мен әншінің жанкүйерлеріне сүйіспеншілігі ерекше  көрініс тапты. Оған жанкүйерлерінің құлақ тұндырған қошеметі дәлел.

«Өте керемет концерт болды деп сенімді түрде айта аламын! Тарканға керемет кеш үшін, эмоцияның теңізі үшін, осы таңғажайып музыкалық саяхаттың бір бөлігі болу мүмкіндігі үшін көп рақмет. Бұл концерт менің жадымда мәңгі сақталады және мен оның әлеміне қайта енудің келесі мүмкіндігін асыға күтемін», «Таркан сахна өнерінің шебері ғана емес, нағыз кәсіпқой тұлға. Оның талантына бей-жай қарау мүмкін емес», - деп жанкүйерлер кештен әсерлерін бөлісті.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Loading...