Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 7 қазанда ХАМАС кепілге алып, Газа секторында ұстап отырғандардың отбасыларымен кездесті.
Нетаньяхудың сөзінше, ол кепілге алынғандарды босату үшін дипломатиялық, барлау және жедел әрекеттердің бәрі қосылып жатқанын айтқан. Оларды үйлеріне қайтару үшін бар күш-жігерін салатыны және нәтижеге жетпей тоқтамайтыны жөнінде құлағдар еткен.
Палестиналық радикал топ жетекшілерінің бірі Исмаил Хания ХАМАС-тың Израильмен бітім туралы келісім мәселесі бойынша прогресс бар екенін хабарлаған. Оның сөзінше, палестиналықтар өз жауабын Израильмен ара ағайындық жасағысы келетін Катар мен өзге де елдерге берген.
Израиль әскері (ЦАХАЛ) Газа секторындағы операциясын жалғастырып жатыр. Операция ХАМАС-тың 7-қазанда Израильге шабуылынан соң басталған. Шабуылдан 1200 адам өліп, арасында шетелдіктері де бар 240-қа жуық адамды ХАМАС Газа секторына кепілге әкеткен.
21 қарашаның таңында Израиль әскері Джабалия қаласын қоршағаны белгілі болған. Бұл қаланың жанында босқындарға арналған Джабалия лагері де бар.
Палестина Израиль әскері бейбіт адамдарды өлтірді деп кінәлап отыр. ХАМАС бақылауындағы Газаның денсаулық сақтау министрлігі 7 қазаннан бері секторда 12 мың адам өлгенін, көпшілігі әйелдер мен алалар екенін мәлімдеді. Оны растайтын тәуелсіз ақпараттар жоқ.
Израиль тек қана ХАМАС-тың нысандарына шабуылдағанын, оның ішінде азаматтық құрылыс нысандарының астына орналасқан ұяларын да атқылағанын алға тартты.
Бұған дейін Түркияның бас прокуратурасы Түркия әділет министрлігіне Биньямин Нетаньяхудың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Бұл ведомство Израиль премьері "Газадағы геноциді" үшін халықаралық қылмыстық сот алдында жауап беруге тиіс деп есептейді. Иран да осыған ұқсас әрекетке баратынын хабарлаған.
Израиль сыртқы істер министрлігі халықаралық қылмыстық сотпен ынтымақтастығы жоқ екенін мәлімдеді. Министрлік уәжіне қарағанда, Израиль өз азаматтарының құқын қорғаумен айналысып отыр.