Бишімбаевтың соты: қорғаушылар жанжал болған дәретхананың схемасын көрсетуді сұрады

Бүгін сотта материалдың екінші эпизоды, яғни, Салтанат Нүкенованы өлтірген күнге қатысты сұралып жатқан Қуандық Бишімбаев әйелімен жанжалдасқан дәретхананың сызбасын көрсетуді сұрады.

Жалпы, бүгін сот бастала сала Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары одан 2023 жылдың 8 қарашасынан 9 қарашасына қараған түнгі оқиғаны баяндауды сұрады. Бишімбаев бұл оқиғаны ұзақ баяндады. Яғни, 8 қараша күні ол Салтанатқа қымбат киім алып бергенін, оны құрбысымен бірге Ресей әншісі Диман Биланның концертіне апарғанын, Салтанат пен құрбысы концерт басталмай жатып мейрамханада ішімдік ішкендерін, тіпті, концерттің ішінде де ішімдік ішкенін, концертке кіре бере оны бір әйел бетінен сүйіп, Салтанат оны қызғанғанын бірнеше мәрте қайталады. Сонымен қатар, ол концерттен ерте кеткісі келгенін айтқанда Салтанат ашуланып, ұрыс-керіс содан басталғанын айтты. Ол концерт бітпей жатып Салтанат Нүкенова екеуі ерте шыққанын, мейрамханаға барып, ұзақ уақыт Салтанатты тыңдағанын, ақыры Салтанат оны ашуландырғанын айтып, ақталды. Ол 9 қараша күні түнде BAU мейрамханасында бес сағат отырғаннан кейін сыртқа шығып, ұрыс көлік ішінде жалғасқанын айтты.

Бишімаевтың айтуынша, көлік ішінде Салтанат екеуі қымбат киімдердің пакетін, Салтанаттың мойнындағы алқаны лақтырып жібергендерін айтты. Бірақ, Бишімбаевтың сөзіне сенсек, олар соңында татуласқандай болып, лақтырған заттарды қайтадан көлікке салып алған.

«Содан кейін машинамды қойып, оның артынан жүре бастадым. Мейрамхана жабық болды, артынан бардым. Біз ас бөлме арқылы кірдік. Дәретханаға бардық, артынан шығып бірінші VIP-нөмірге бардық. Мен тағы да бір шөлмек ішімдік алдым. Ұрыс тағы да басталды. Бір кезде Салтанат айқайлай бастады. Айқайлағың келсе дәретханаға барайық дедім. Унитаздың жанына жерге отырдық», - деген Қуандық Бишімбаев қорғаушыларына туалеттің схемасын көрсетуді сұрады.

Сот бұған рұқсат бермей жатып оның адвокаттары Гастроорталықтың сызбасын дайындай бастады. Екі тараптың арыздарын тыңдаған судья схеманы көрсету заңға қайшы емес, деді. Бұл схема Гастроорталықтың схемасы екені анықталды. Салтанат Нүкенованың адвокаттары схема тек мемлекеттік органдардан алынған сызбаны көрсетуді талап етті.

«Менің қорғаушым құжат туралы айтып тұрған жоқ. Ол тек сұралып жатыр және ол оқиға болған жердің түрін көрсеткісі келеді. Ол құжат сұрап отырған жоқ. Сондықтан, рұқсат беріңіз», - деді Бишімбаевтың адвокаты.

Судья Салтанат Нүкенованың жағы айтқан наразылықты қанағаттандырмай, Бишімбаевтың қорғаушыларына дәретхананың сызбасын көрсетуге рұқсат берді.

Loading...