Астанада инватакси саны 3 есе артты

Елорда әкімі мүмкіндігі шектеулі жандармен және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен кездесіп, инватакси санын көбейту, қолжетімді орта құру және инклюзивті білім беру мәселелерін талқылады.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қалада инватакси санының үш есеге артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елорда әкімі мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен кездесті

Елорда әкімі ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту мақсатында тұрақты түрде мүмкіндігі шектеулі жандармен және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесулер өткізіп келеді. Соңғы кездесуде инватакси қызметі, халықтың қауқары аз топтары үшін қолжетімді орта, жаяу жүргіншілер тротуарлары мен аялдамалардың ыңғайлылығы секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Әкімнің айтуынша, қаладағы жаңа қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды абаттандыру барысында барлық санаттағы азаматтардың мүдделері ескеріледі. «Инватакси саны жыл сайын артып келеді. Бұрын 50 машина болса, алғашқы кезеңде 113-ке дейін арттырдық. Қазіргі таңда 147 инватакси бар. Алайда бұл сан қала қажеттілігін толық қанағаттандырмайды, сондықтан оларды көбейту жұмыстарын жалғастырамыз», - деді әкім.

Сонымен қатар, инклюзивті білім беруді қолдау мақсатында мектептер мен балабақшаларда арнайы кабинеттер ашу жоспарлануда. Оған қоса, мамандарды оқыту және ерекше қажеттіліктері бар балаларды жаңа мамандықтарға дайындау ісі жалғасын табады.

Кездесуде көтерілген мәселелерді шешу бойынша жұмыстар қолға алынды.

Loading...