Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
15 қараша, 2024 / Көрместі Көрген / Қоғам

Талғардағы трагедия: Күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасын да өлтірмек болған

Күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанатты да өлтіруге оқталған

Талғардағы трагедия: Күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасын да өлтірмек болған
Фото-коллаж: Ulysmedia.kz

Талғарда жаппай төбелес кезінде бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ісіне байланысты жаңа деректер белгілі болды. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Марал Жайлаубаева қанды оқиға болған түні күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанатты да өлтіруге оқталғанын жеткізді, деп Taulik.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның сөзінше, қазіргі таңда қылмыстық іс 6 бап бойынша тергеліп жатыр.

“Бүгінде Шерзат Болаттың ісі бойынша көптеген сұрақ келуде. Осы қылмыстың мән-жайы туралы айта кетейін. Қылмыстық іс 6 бап бойынша тергелуде. Өлтіру фактісі, қылмысты жасыру, қылмысты хабарламалау және қорқыту мен бұзақылық бойынша. Сонымен қатар қайғылы оқиға түні Шерзаттың ағасы Нұрқанаттың ұялы телефоны мен әмияны ұрланған. Бұл бойынша біз тергеу органдарына өтініш хат жібердік. Өтініш хат қазіргі таңда қанағаттандырлып, 188 баптағы бөтен мүлікті ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды”, - деді ол.

Сондай-ақ төбелес кезінде күдіктілер Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанатты да өлтірмек болған.

“Біз Нұрқанатты өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу органдарына өтініш жібердік. Күдіктілер Нұрқанатқа дене жарақаттарын келтіріп, 3-4 мәрте жамбасы мен төсіне пышақ сұққан. Аталған әрекеттер адамды өмірінен айыруға тікелей бағытталған, яғни нақты ниетпен жасалған деп есептейміз. Бұл өтініш қазір тергеу органдарымен қаралуда. Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер мен күдіктілердің ортасында беттестіру өткізіліп, қазіргі таңда тағайындалған сараптамалардың қорытындыларымен біз танысудамыз”, - дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін жәбірленуші тараптың тағы бір қорғаушысы Саида Тәуекелова қазақстандықтарға үндеу жасап, марқұм Шерзаттың отбасын жайына қалдыруды сұраған еді.

"Соңғы кездері әлеуметтік желілерде өз мүдделерін көздеген блогерлер Шерзаттың өліміне қатысты іс бойынша соттың ашық өтуін талап етіп, ашық мәлімдемелермен жоғарғы органдарға жүгінуде. Адвокаттар мен жәбірленушілердің өкілдері сот процесін ашық өткізуді әу бастан қолдағанын және бұл туралы өтініш беруге ниетті екенін белсенді түрде мәлімдегенің түсіндіргіміз келеді. Прокуратура да бұл ұстанымды қолдады, өрт қою фактісі бойынша тергеуді арнайы жасақ толығымен жүргізіп жатыр. Іс бойынша барлық шаралар, соның ішінде үйді өртеу фактісі бойынша тергеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде", – дейді қорғаушысы.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті. Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.