Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search

Бүгін халқымыздың аяулы ұлы Мұстафа Өзтүріктің туған күні

Тірі болғанда, Мұстафа Өзтүрік 70 жасқа толар еді

Бүгін халқымыздың аяулы ұлы Мұстафа Өзтүріктің туған күні
Фото: ашық дереккөз

Мұстафа Өзтүрік – ҚР таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы, 6-дан қара белбеу иегері, әрі елге танымал ұлтжанды азамат. Егер көзі тірі болғанда, ол биыл 70 жасқа толар еді, деп хабарлайды Taulik.kz.

Өзтүріктің өмірбаянына көз жүгіртсек, оның үлкен нағашысы әйгілі балуан Қайысбай Иісұлы болған. Мұстафа орта мектепті Стамбұл қаласында аяқтағаннан кейін Тайваньға аттанып, онда эксперименталды университет пен Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Осы елде жүріп, ол корей халқының көне спорт өнері – таэквондоны меңгеріп, 6-шы дан дәрежесіне қол жеткізді және халықаралық жаттықтырушы атанды.

Тайваньнан оралған соң, ол Ыстамбұлда алғашқы таэквондо мектебін ашып, онда тәрбиеленген шәкірттері кейін Түркияның таэквондо федерациясында беделді қызметтерге ие болды. Кейінірек Германияның Мюнхен қаласына көшіп, тағы бір таэквондо мектебін ашқан.

1990 жылдың күзінде Мұстафа Өзтүрік тарихи отаны – Қазақстанға оралып, қазақ жастарын таэквондо спортына баулу үшін елде тұрақтап қалды. 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрып, 1992 жылы Қазақстанды Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшелігіне енгізді. Сол жылы ол Қазақстан азаматтығын да алды.

Өкінішке қарай, Мұстафа Өзтүрік 1995 жылдың 15 наурызында Алматы қаласындағы Орталық клиникалық ауруханада өмірден өтті. Оның денесі Ыстамбұл қаласындағы қазақтар шоғырланған Гүнешлі ауданындағы зиратқа, әкесінің қасына жерленген.

Мұстафа Өзтүріктің есімі қазақ спорты тарихында мәңгі сақталады. Ол тек спорт шебері ғана емес, жастарға үлгі бола білген ерекше тұлға ретінде халық жадында қалды.