logo
search
menu

6,5 жылға сотталған актер қалайша абақтыдан ерте шықты?

Қазақстандық актер Асқар Жұмабек бір жыл қамауда отырғаннан кейін мерзімінен бұрын босатылды. Сот оның өтелмеген жаза мерзімін жеңіл жазаға – айыппұлға ауыстырды, деп Taulik.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

12 желтоқсан, 2024
6,5 жылға сотталған актер қалайша абақтыдан ерте шықты?
Фото: instagram.com/askarzhumabeqov

Мазмұны

    Асқар Жұмабектің өтелмеген жаза мерзімін жеңіл жазаға – айыппұлға ауыстыру туралы өтініші (ҚК 73-бабы) Тараз қаласы №2 сотында қаралды.

    2023 жылдың қазан айында Алматы қаласының Бостандық ауданы №2 соты Асқар Жұмабекті караоке-барлардың біріндегі төбелеске қатысқаны үшін кінәлі деп таныды. Оған Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы, 106-бабының 2-бөлігінің 1), 5), 7) тармақтары және 107-бабының 2-бөлігінің 1), 5) тармақтары бойынша 6 жыл 6 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.

    Кейін, 2024 жылдың 20 тамызында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен жаза мерзімі 4 жыл 15 күнге дейін қысқартылды.

    Тараз қаласы №2 сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, сотта сотталушы Асқар Жұмабек жасаған ісіне өкініп, түзелу жолына түскенін айтты. Ол өз өтінішін толық қолдап, қанағаттандыруды сұрады. Жәбірленушілердің өкілі – адвокат А. материалдық және моральдық шығындардың толық өтелгенін, жәбірленушілер сотталушыны кешіргенін, олардың өтінішті қанағаттандыруға қарсы еместігін мәлімдеді.

    №25 мекеме өкілі сотталушының өтініші қанағаттандырылуға лайық екенін айтты. Прокурор да өтінішті қанағаттандыру туралы қорытынды берді.

    "Қылмыстық кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жеңіл, орташа немесе ауыр қылмыстар үшін бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан тұлға қылмыспен келтірілген залалды толығымен өтеген жағдайда немесе жаза өтеу тәртібін бұзу деректері болмаған жағдайда, өтелмеген жаза мерзімі сот шешімімен жеңіл жаза түріне ауыстырылуы мүмкін. Сот қылмыспен келтірілген залалдың өтелуін, жәбірленушілер қорына мәжбүрлі төлемдердің төленгенін, процессуалдық шығындардың өтелгенін және жәбірленушілермен татуласуды ескере отырып, сотталушы Жұмабектің өтінішін қанағаттандырды. Өтелмеген жаза мерзімі – 2 жыл 5 ай 11 күн 670 797 теңге мөлшеріндегі айыппұлмен ауыстырылды. Тараптар соттың шешіміне шағым түсірген жоқ", – деп хабарлады сот.

    Шешім заңды күшіне енді.