Taulik.kz | Тәулік бойы ақпарат тарату алаңы | Тәулік жаңалықтары | Бүгінгі жаңалық RU search
14 желтоқсан, 2024 / taulik / Бизнес

Қазақстандық продюсер Ақжол Жұмағұлов: Snoop Dogg-тан Xzibit-ке дейінгі жол

Ақжол Жұмағұловтың оқиғасы – табандылықтың, талпыныстың және жаңашылдықтың айқын мысалы.

Қазақстандық продюсер Ақжол Жұмағұлов: Snoop Dogg-тан Xzibit-ке дейінгі жол

Қазақстандықтардың әлемдік шоубиз сахнасында танылуы жаңа деңгейге көтерілуде. Солардың бірі – Көкшетаулық экс-полицей, қазіргі таңда танымал музыкалық жұлдыздардың бейнебаяндарын продюсерлеумен айналысатын Ақжол Жұмағұлов. Оның Snoop Dogg, Xzibit, Wiz Khalifa сынды әлемдік жұлдыздармен жұмыс жасауы Қазақстанның талантын әлемге паш ететін ерекше оқиға.

32 жастағы Ақжол Жұмағұлов Көкшетауда полиция қызметінде жұмыс істеп, қылмыстық істерді тергеумен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен айналысқан. 2019 жылы "Болашақ" бағдарламасы арқылы АҚШ-тың жоғары оқу орнына оқуға түседі. Алайда пандемия салдарынан елдер арасындағы шекара жабылып, Ақжол АҚШ-та қалып қояды. Сол сәттен бастап жаңа өмірін бастауға бел байлайды.

"Алғашқы бизнесімді жүк көліктерімен бастадым. Бір жылдан соң жүйені автоматтандырып, команда жинап, басқа қызығушылықтарға уақыт бөлу мүмкіндігіне ие болдым," – дейді Ақжол.

Бұл өзгерістер оның продюсерлікке қызығушылығын ашты.

Алғашқы үлкен жоба: Snoop Dogg-пен жұмыс

Ақжол достарының көмегімен бейнебаян түсіру саласына аяқ басты. Оның міндетіне демеушілерді табу, өнімдерді жарнамалау (product placement) және түсірілім үдерісін ұйымдастыру кірді. Snoop Dogg қатысқан алғашқы бейнебаяны – 2022 жылғы үлкен жетістіктерінің бірі.

"Үлкен әртістермен жұмыс істеу оңай емес, өйткені оларды тек қаржы емес, шығармашылық шабыт қызықтырады. Бұл салада шыдамдылық пен шеберлік қажет," – деп бөлісті Ақжол.

Xzibit пен Wiz Khalifa-мен жұмыс жасау

Xzibit-тің шығармашылығына арналған бейнебаян жобасын іске асыру үшін Ақжолдың командасы алты айдан астам уақыт жұмсаған. Жобаны жүзеге асыруда идеяны дұрыс жеткізу, сценарий жасау, спонсорлық қолдауды ұйымдастыру маңызды рөл атқарды.

"Біз бірнеше танымал әртістермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мақсатымыз – олардың шығармашылығын жаңа деңгейге көтеру ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды халықаралық шоубиз картасына енгізу," – дейді Ақжол.

Ақжол Жұмағұловтың ең үлкен арманы – Орталық Азия таланттарын әлемдік деңгейде танытатын музыкалық лейбл құру. Оның айтуынша, полиция саласында алған дағдылары – аналитика, шектеулі ресурстармен жұмыс істеу және тиімді шешімдер табу – қазіргі кәсібінде үлкен көмегін тигізген.