Қайғылы оқиға
Оқиға қалай өрбіді?
2023 жылдың мамыр айында Алина есімді қыз өзіне қол жұмсаған. Бұл қайғылы оқиғаға дейін ол ауыр қылмыстың құрбаны болған. Бес бейтаныс ер адам оған шабуыл жасап, ұрлап әкетіп, соққыға жыққан, зорлық көрсеткен. Сондай-ақ, қызды мәжбүрлі түрде есірткі қолдандырып, екі миллион теңге несие алуға көндірген.
Марқұмның туыстарының пікірі
Алинаның әпкесі басылымға эксклюзивті сұхбат беріп, оқиғаның егжей-тегжейін баяндады. Оның айтуынша, Алина спортпен айналысып, фитнес жаттықтырушысы ретінде жұмыс істеген.
«2023 жылдың 14 мамырында ол жұмыстан кейін үйіне қайтып келе жатқан. Сол уақытта бейтаныс бес ер адам шабуыл жасап, күштеп көлікке отырғызып алып кеткен. Тергеу барысында күдіктілер оның қыз екенін білмегенін, жігіт деп ойлағанын айтып ақталған», – деді әпкесі.
Қылмыскерлер қызды бір түн бойы азаптап, қорқытқан. Кейін есірткі қолдануға мәжбүрлеп, зорлық көрсеткен.
Қылмыскерлер кімдер?
Күдіктілердің бірі 1991 жылы туған ер адам, үйленген, бала тәрбиелеп отырған. Тергеу кезінде ол алғаш рет есірткі қолданғанын және оқиға жайлы ештеңе есінде жоқ екенін айтқан. Ал қалған төртеуі қылмыс барысын егжей-тегжейлі баяндаған.
Таңертең қылмыскерлер Алинаны өз телефоны арқылы екі миллион теңге несие алуға мәжбүрлеген. Қаражатты базардағы таныстары арқылы шешіп алған. Қызды қалаға алып келіп, біреуге айтса өлтіретінін айтып қорқытқан.
Бұл оқиғадан кейін Алина болған жағдайды құрбысына айтып берген. Құрбысы ағасына айтуға көндірген. Алина қылмыскерлерді жазалау үшін соңына дейін баратынын айтқанымен, ұялғандықтан, анасына айтуға батылы бармаған.
Алайда ол болған жағдайды көтере алмай, құрбысының көз алдында терезеден секіріп кеткен.
Сот шешімі және апелляция
Сот үкімі 2024 жылдың желтоқсанында Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шықты. Басты күдіктіге 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, оның төрт сыбайласы 7-8,5 жылға сотталған.
Марқұмның туыстары сот үкіміне наразылық білдіріп, апелляцияға жүгінген. Олар басты күдіктінің өмір бойы бас бостандығынан айырылып, қалғандарына 15-20 жыл жаза тағайындалуын талап етіп отыр.
Маңғыстау облысы прокуратурасы да сот үкіміне апелляциялық өтініш берген. Прокурордың айтуынша, қылмыскерлерге тағайындалған жаза ауыр қылмысқа сәйкес келмейді.
Марқұмның әпкесінің айтуынша, қылмыскерлер интернетте белсенділік танытып, әлеуметтік желілерді қолдануды жалғастырып отыр.