"Жігіттер" квартетінің әншісі кезінде танымал әншілер Еркін Нұржанов пен Асқар Жүнісбековпен бір сыныпта оқыған. Өнер иесі бұл туралы "1001 түн" бағдарламасына қонақта болғанда айтып берді.
Ердос Қанаевтың сөзінше, олар мектеп кезінен өнерге жақын болған. Сыныптастары Еркін Нұржанов пен Асқар Жүнісбеков үшеуі мектеп кезінде трио құрып, бірге өнер көрсеткен.
"Еркін Нұржанов, Асқар Жүнісбеков үшеуіміз бір сыныпта оқыдық. Бізді өнерге баулыған Аманжол мен Шара есімді ұстаздарымыз болды. Олар біздің қабілетімізді байқап, қолдап отырды. Мектепте және аудандық жарыстарда біздің трио үнемі ауылдың намысын қорғап жүретін. Асқар екеуміз домбырада, ал Еркін баянда ойнайтын. Балалық шағымыздан бастап өнерге деген сүйіспеншілігіміз осылай басталды," – деп бөлісті әнші.
Өнерлі үштіктің мектеп қабырғасынан басталған шығармашылығы олардың үлкен сахнаға шығуына негіз болғанын айтуға болады. Осылайша, Ердос Қанаев пен оның сыныптастарының өнер жолындағы алғашқы қадамдары мектеп қабырғасында қаланған.