Бұл қаралы хабарды қаламгердің ұлы Едіге Мағауин өзінің Facebook парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, жазушы АҚШ-тың Мэриленд штатындағы үйінде, отбасының ортасында, 2025 жылдың 9 қаңтарында, жергілікті уақытпен сағат 19:55-те (Қазақстан уақытымен 10 қаңтар, таңғы 5:55) дүниеден озған.
Едіге Мағауин жазбасында әкесінің шығармасынан үзінді келтірген:
"Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!"
(Мұхтар Мағауин, "Көлме-көл", толық шығармалар жинағы, 26-шы том).
Мұхтар Мағауин – Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығының иегері, сондай-ақ Улан-Батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.
Қаламгердің шығармашылық жолы 20 жасынан басталып, алғашқы әңгімелерінен-ақ әдебиет әлемінде жоғары бағаға ие болған. 25 жасында әдебиет тарихшысы ретінде танылып, ХV-ХVІІІ ғасырларда өмір сүрген, ұмыт бола жаздаған қазақ поэзиясын зерттеп, әдебиет тарихына енгізді.
Жазушының еңбектері қазақ халқының тарихындағы маңызды кезеңдер мен заманауи мәселелерді қамтыған. Оның 60 жылдық шығармашылық қызметі нәтижесінде 27 томдық толық жинақ жарық көрді. Соңғы жылдары Мұхтар Мағауин ежелгі тарихқа қайта оралып, "Шыңғыс хан және оның заманы" атты төрт томдық ғылыми еңбегін жариялаған.
Мұхтар Мағауиннің бай шығармашылық мұрасы мен тарихи зерттеулері қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына зор үлес қосты.