Белгілі жазушы және драматург Дулат Исабеков "Хабар" арнасының "7 күн" бағдарламасында жақында дүниеден озған халық жазушысы Мұхтар Мағауиннен кешірім сұрады.
"Мұхтар Мағауин қайтыс болды дегенді естігенде өзім отырып қалдым. Кеше ғана сау адам сияқты еді. Екеуміз айтысып жүр едік қой. Адам тіршілігінде өлмейтіндей жүреді екен де. Менен кейін қайтыс болады деуші едім. Айналайын, Мұқа. Сәл артық айтып қойсам әруағың кешірсін. Артық айтқан ештеңем жоқ сияқты деп ойлаймын. Артық десең, кешірім сұраймын. Қазақ халқы үшін үлкен олжа тастап кеттің. Өзің кеттің, мәңгілік сен қалдың. Шығармаларың қалды. Мұхтар деген атың қалды", - деп Дулат Исабеков жан дүниесіндегі өкініш сезімін бөлісті.
Еске сала кетейік, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғалым Мұхтар Мағауин 85 жасында АҚШ-тың Мэриленд штатында дүниеден озды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оның отбасына көңіл айту телеграммасын жолдады.
Дастан Зере,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті.