logo
search
menu

Немерелерін ҰБТ-ға дайындап, грантқа түсірген 93 жастағы әже ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты

Батыс Қазақстан облысы Жаңғала ауданының тұрғыны, 93 жастағы ардагер ұстаз Нәбия Тілепбергенова желіде кеңінен танымал болды.

20 қаңтар, 2025
Немерелерін ҰБТ-ға дайындап, грантқа түсірген 93 жастағы әже ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты
instagram.com/gulzadabuketova

Мазмұны

    Жақында мектеп бітіргеніне 40 жыл толған түлектеріне сабақ беріп жатқан видеосы таралып, көпшіліктің жылы лебізіне бөленді. Жарты ғасырға жуық уақытын математика пәніне арнаған Нәбия апай қазіргі таңда құрметті еңбек демалысында болғанымен, немерелеріне білім беруді жалғастыруда.

    Тәжірибелі ұстаз немерелерін Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, барлығы грантқа түскен. Қазір ол 7-сыныпта оқитын немересі Нұрасылды облыстық олимпиадаға дайындап жүр. Нұрасылдың айтуынша, әжесі сабақты түсіндіруде ерекше әдістерді қолданады.

    "Әжем менің мектепте түсінбеген есептерімді оңай әрі түсінікті тілмен түсіндіріп, қосымша тапсырмалар береді," – дейді ол.

    Нәбия апайдың ұстаздықтағы басты ерекшелігі – оқушыларды математикаға қызықтыра білуі.

    "Менің шәкірттерімнің басым бөлігі инженер, қаржыгер, есепші болып шықты, бұл – менің еңбегімнің нәтижесі," – дейді ол.

    Ұстаз оқытудағы басты қағидаларының бірі – алдымен сабақты мұқият түсіндіріп, содан кейін оқушылармен жеңіл әңгімелесіп, қызықты тапсырмалар арқылы олардың ынтасын арттыру.

    Нәбия апайдың ұстаздық жолын кенже қызы Ақтоты жалғастырды. Ол анасының қажырлы еңбегін мақтан тұтады. Алайда ұстаздың осы уақытқа дейін білім бөлімі тарапынан ешбір марапат алмағаны қынжылтады.

    "Әлеуметтік желі арқылы ғана танылып жатқаны өкінішті. Анамыздың осындай еңбегін ертерек бағаласа екен," – дейді қызы Ақтоты Тілепбергенова.

    Қария ұстаздың ұзақ әрі белсенді өмір сүруінің құпиясы – салауатты өмір салты. Ол күнделікті серуен жасап, газет-журнал, кітап оқып, дұрыс тамақтануға мән береді. Оның шәкірттері ұстаздарымен тығыз байланыс орнатып, жиі қонаққа келіп, хабарласып тұрады.