Танымал әзілкеш әрі асаба Елдос Қадірханов, халық арасында "Елдос Колобок" есімімен танымал, 33 жасқа толған туған күнін Таразда айрықша атап өтті.
Елдос көптен бері әлеуметтік желілерден алшақ болу себебін алғаш рет жария етті. Ол туған күнінде өзінің өмірін өзгерткен адамды таныстырып, көпшіліктің алдында алғысын білдірді. Әзілкештің айтуынша, астаналық білікті дәрігер күрделі ота жасап, оған әке атану мүмкіндігін сыйлаған.
"20 жасымда ұрпақ сүйе алмайсың деген диагноз қойылған. 33-ке келдім. 13 жыл өтті. Түркияға да барып емделдім. Астанада осы кісінің алдына бардым. Қазақстандағы үздік үштікке кіретін дәрігер. Үш жарым сағат операция жасады. Көзімді ашқанда осы кісіні көрдім. Бұл кісі маған "Сүйінші, енді сіз әке боласыз, шанс бар" деді. Қолыңыз дерт көрмесін! Бұл кісіні Таразға арнайы "мен үшін тілекші болып жүрген ортамды көріңізші" деп шақырдым. Содан бері менің өмірім өзгерді, байқасаңыздар мен қазір әлеуметтік желіге кірмеймін, мен 13 жыл Instagram-мен алдандым, уақытымды өткізіп жүрдім. Қазіргі арманым - құдай қаласа жұбайым баламды емізіп берсе болды, әрі қарай өзім қараймын. Басқа ештеңе қызық емес", - деді ол.