logo
search
menu

Көлігін 5 минут қыздырғаны үшін СҚО тұрғыны айыппұл арқалады

Солтүстік Қазақстан облысында көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін салынған айыппұл жойылды

Бүгін, 12:16
Көлігін 5 минут қыздырғаны үшін СҚО тұрғыны айыппұл арқалады
Фото: gov.kz

Мазмұны

    Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері өңір тұрғынына көлігін 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салған. Бұл жағдай көршілердің полицияға берген шағымынан кейін орын алған. Алайда облыстық прокуратура аталған айыппұлдың күшін жойды, деп хабарлайды Taulik.kz.

    Қадағалау органы жүргізген талдау барысында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (ӘҚБтК) талаптарын өрескел бұзушылықтар анықталды. Прокуратураның ресми мәлімдемесінде:

    "Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкері облыс орталығының тұрғынына ӘҚБтК-нің 597-бабының 1-бөлігінің талаптарын бұзғаны үшін хаттама толтырған. Яғни, көлік құралын 5 минуттан артық жылыту арқылы көлік тұрақтау ережелерін бұзды деп көрсетілген. Дегенмен полиция қызметкері әкімшілік хаттаманы рәсімдеу кезінде процестік қателіктер жіберген және құқық бұзушылықтың нақты дәлелдерін таппаған", – делінген мәлімдемеде.

    Осыған байланысты Петропавл қаласының прокуроры полиция органдарының әрекетін заңсыз деп таныды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

    Айта кетсек, ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитеті ӘҚБтК-нің 597-бабы бойынша белгіленген талаптарды еске салды. Аталған бапқа сәйкес, көлікті рұқсат етілген уақыттан артық қыздырғаны үшін азаматтарға 5 АЕК (19 660 теңге), ал қайталанған жағдайда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.