Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесінің қазіргі моделі медицина қызметін халық үшін қолжетімсіз етіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына себепші болып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Taulik.kz.
Депутаттың айтуынша, үкімет мәселенің түпкі себебін шешудің орнына, тек салдарымен күресуге тырысып жатыр.
"Жүйелі реформалардың орнына уақытша шаралар қолға алынуда. МӘМС моделі артық шығынға жол беріп, медициналық қызмет сапасын төмендетіп отыр", – деді ол.
Аймағамбетов жүйенің кемшіліктерін нақты мысалдармен дәлелдеді. Оның айтуынша, МӘМС аясында бес айлық сәбидің тісіне қанқұрттан емдеу жүргізілген, ал тағы бір жағдай бойынша бір науқастың 82 тісі емделгені туралы талап қойылған. Сонымен қатар, бір күнде бір адамға бір ауруханада 32 түрлі қызмет көрсетілді деген деректер бар.
"Бұл – МӘМС қаржыландыру жүйесінің жүйелі кемшілігі. Әр нақты емделген жағдай емес, әр қызмет үшін қаражат бөлінеді. Бұл өз кезегінде артық қызмет көрсету мен жалған мәлімет енгізуге итермелейді", – деді депутат.
Аймағамбетов цифрландырудың болмауы, нормативтердің жоқтығы және клиникалық хаттамалардың белгісіздігі саладағы олқылықтарды одан әрі ушықтырып отырғанын айтты.
"Мысалы, бұрын остеохондроз рентгенсіз анықталатын. Ал қазір рентгеннен кейін КТ, сосын МРТ және басқа да қосымша тексерулер тағайындалады. Бұл – клиникалардың пайда табу жолы", – деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, мұндай жүйесіздік кейбір мүдделі тараптарға тиімді болуы мүмкін деген күмән туындайды.
Айжан ЖАРАСБЕКОВА,
"Тұран" университеті
Журналистика факультетінің 4 курс студенті.