Иранның құпия ядролық нысаны қай жерде, не белгілі?
2025 жылғы 13 маусымнан бастап Израиль Иранға бағытталған бірқатар әскери операцияларын бастады. Бұл соққылардың негізгі мақсаты – Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар стратегиялық объектілерді жою. Израиль тарапы Тегеранның ядролық қару жасауды көздейтінінен күдіктенеді. Алайда Иран билігі бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Соған қарамастан, соңғы жылдары елде бейбіт атом бағдарламасы аясынан тыс құрылыс жұмыстары белсенді жүріп, ядролық зерттеу жүргізуге арналған жер асты кешендер салынған деген деректер пайда болуда.
Натанздағы зақым және радиациялық қауіп
Иранның орталығындағы Натанз ядролық объектісі – уран байытудың негізгі орталықтарының бірі. Халықаралық Атом Энергиясы Агенттігінің (МАГАТЭ) мәліметінше, бұл жерде уран 60%-ға дейін байытылып келген. АЭС-тер үшін 3–5% жеткілікті болса, ядролық қару жасау үшін 90% қажет.

Иранның Натанз қаласындағы ядролық нысан, 2025 жылғы 14 маусым
Израильдің әуе шабуылы кезінде жер үстіндегі барлық уран байыту центрифугалары жойылған. Подвалдағы құрылғылардың зақымданғаны туралы нақты дерек жоқ. Бірақ жарықтың өшірілуі олардың да істен шығуына ықпал етуі мүмкін. МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси BBC-ге берген сұхбатында бұл нысанда "қауіпті радиациялық сәуле" тіркелуі мүмкін екенін мәлімдеді. Дегенмен, ол радиацияның сыртқа шықпағанын да атап өтті.
Исфахандағы химиялық өңдеу кешені
Натанзбен қатар орналасқан Исфахан қаласындағы ядролық технологиялар орталығы да шабуылға ұшырады. Бұл жерде төрт ғимарат қираған. Мұнда уран кенінен алынған "сары кек" деп аталатын уран оксиді уран тетрафторидіне және гексафторидіне айналдырылады. Бұл – уранды байытуға дейінгі химиялық өңдеудің міндетті кезеңі.
Фордо – тау астындағы құпия кешен
Ирандағы екінші маңызды ядролық кешен – Фордо. Бұл нысан Тегераннан оңтүстікке қарай орналасқан және 25 жыл бұрын әскери база орнында жер астына жасырын салынған. Фордо Израиль шабуылына да ұшырады, бірақ үлкен зиян туралы ақпарат жоқ. Себебі кешеннің негізгі бөлігі 60–90 метр тереңдікте тау астындаорналасқан.
Бұл кешен МАГАТЭ инспекциясымен тексерілетінін айтқанымен, АҚШ-пен ядролық келісім бұзылған соң Иран сыртқы бақылауды шектеп, инспекторларға қолжетімділікті азайтты. 2025 жылғы мамыр айының соңында МАГАТЭ Тегеранды уранды 60%-ға дейін белсенді байытып жатқаны үшін сынға алды. Агенттік мәліметінше, Иранда 400 кг осындай материал жиналған. АҚШ-тағы Ғылым және халықаралық қауіпсіздік институтының баяндамасында көрсетілгендей, Фордо кешені үш апта ішінде бірнеше ядролық оқтұмсық жасауға жарамды 233 кг жоғары байытылған уран шығара алады.

Фордо – Израиль ВВС-сы үшін күрделі мақсат
Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лайтердің айтуынша, "Фордо операцияның соңында істен шығарылуы тиіс". Алайда әскери сарапшылар Фордоны жою өте қиын екенін айтады. Себебі Иран кешенді арнайы күшейтілген бетонмен бекіткен, бұл оны әуе шабуылынан қорғайды.
Израильде бункер бұзатын қару бар, бірақ сарапшылардың айтуынша, Фордо сияқты объектіні толығымен жою үшін бірнеше толқынды шабуыл қажет. Бұл тұрғыда тек АҚШ-та ғана GBU-57 деп аталатын, салмағы 14 тонна болатын, арнайы жерасты нысандарын жоюға арналған бомба бар. Бірақ бұл қару Израильдің әскери ұшақтарымен жеткізілуге тым ауыр. Ол үшін B-2 немесе B-52 типті америкалық стратегиялық бомбалаушы ұшақтар қажет. Дегенмен, АҚШ Израиль-Иран соғысына тікелей араласуға дайын ба – бұл үлкен сұрақ.