Renault & Nissan: көлік компаниялары арасында проблема туындады
ПАРИЖ, 1 шілде (Reuters) – Франциялық автокөлік өндіруші Renault компаниясы алғашқы жартыжылдықта жапондық Nissan Motor-дағы үлесіне байланысты шамамен 9,5 миллиард еуро (11 миллиард доллар) көлемінде біржолғы шығын туралы есеп бермек. Бұл туралы компания сейсенбі күні хабарлады.
Бұл шешім – 20 жылға созылған әріптестіктен кейін екі компания арасындағы байланыстың одан әрі әлсіреуінің айғағы. Renault біртіндеп Nissan-дағы үлесін азайтып, өзара ынтымақтастықты тек кейбір өндірістік жобалармен шектеп отыр.
Қазіргі уақытта Renault Nissan акцияларының 35,7% иеленіп отыр, оның 17,05%-ы тікелей, ал қалған бөлігі сенімгерлік қор арқылы бақыланады.
Renault болашақта Nissan-дағы үлестің құны өзгерген жағдайда, бұл өзгеріс тікелей компания капиталына әсер ететінін, бірақ таза табысқа немесе дивидендтерге ықпал етпейтінін атап өтті.
Сонымен қатар, бұл шешім екі компания арасындағы өндірістік жобалар мен ынтымақтастыққа әсер етпейді.
Сейсенбі күні Renault акциялары 1% арзандаса, Nissan-ның құнды қағаздары 2,4% төмендеп, 341,8 иенге ($2,39)дейін түсті. Бұл баға Renault 2002 жылы жапондық компаниядағы үлесін арттыру үшін акцияны бағалаған 400 иеннен әлдеқайда төмен. Renault-тың 2024 жылғы қаржылық есебіне сәйкес, қазіргі уақытта Nissan акцияларының баланстық құны 1549 иен деп көрсетілген.
Nissan соңғы жылдары электромобильдерге көшу кезеңінде бәсекелестеріне қарағанда әлдеқайда қиын жағдайда қалды. Компания 2018 жылы бұрынғы төрағасы Карлос Гонның ұсталып, қызметінен алынуынан кейін дағдарысқа ұшырап, әлі толық оңала қойған жоқ.
Сатылымдардың төмендеуі мен модельдік қатардың ескіруі салдарынан Nissan өткен қаржы жылын 4,5 миллиард доллар шығынмен аяқтады және биылғы жылға болжам беруден бас тартты. Reuters дерегінше, компания кейбір жеткізушілерінен төлемдерді кешіктіруге рұқсат сұраған.
Renault 31 шілдеде алғашқы жартыжылдық нәтижелерін жарияламақ. Өткен жылы компания табысқа қатысты ескерту жасамаған санаулы автоөндірушілердің бірі болды. Қазіргі таңда жаңа бас директор іздеп жатқан Renault сейсенбі күні бұл біржолғы шығын компанияның жылдық жоспарына әсер етпейтінін мәлімдеді.