Бакуде ресейлік 8 азаматқа қатысты сот процесі өтті (ФОТО)
Баку қаласының Сабаил аудандық сотында Ираннан есірткі заттарын транзиттеу, оларды интернет арқылы тарату және киберқылмыстарға қатысы бар деп күдікке ілінген Ресей Федерациясының сегіз азаматына қатысты сот процесі өтті. Бұл туралы Report және Trend агенттіктері хабарлады.
Сот отырысы судьялар Ұлвия Шүкүрова, Рена Ғафарова, Шахла Сүлейманова және Азер Тағиевтің төрағалығымен өтті. Қазіргі таңда күдіктілердің төртеуіне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде 4 ай мерзімге қамауға алу шешімі шықты. Қалған төртеуіне қатысты шешімдер алдағы уақытта қабылданбақ.
Ішкі істер министрлігінің арнайы операциясы нәтижесінде ұсталған бұл адамдардың Ираннан есірткі заттарын Әзірбайжан арқылы транзиттеп, оларды интернет арқылы сатқан және киберқылмыстарға қатысқан деген күдікке ілінгені айтылды.
Сот процесі барысында күдіктілердің әрқайсысы жеке-жеке залға жеткізілген. Процесс жалғасып жатыр.
Анықтама: Әзірбайжан ІІМ дерегі бойынша, ұсталған топтар ұйымдасқан қылмыстық құрылым ретінде әрекет еткен. Бұл іс халықаралық есірткі айналымы мен киберқылмысқа қарсы күрестегі кезекті қадам ретінде бағалануда.