logo
search
menu
Ұсталған қос шенеунік президент көмекшісінің бұрынғы орынбасарлары ма?
Фото: Taulik AI

Ұсталған қос шенеунік президент көмекшісінің бұрынғы орынбасарлары ма?

Қазақстанда тағы бір даулы жемқорлық ісі ашыққа шықты. Арнайы қызмет өкілдері ЖШС «Первое кредитное бюро» компаниясынан жүйелі түрде пара алған деген күдікпен екі бұрынғы вице-министр — Ақмәди Сарбасов пен Дәулет Арғандықовты қамауға алды.

Аталған тұлғалар бұған дейін қазіргі Президенттің көмекшісі, бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың қарамағында жұмыс істеген. Ақмәди Сарбасов 2019–2025 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарса, Дәулет Арғандықов 2014–2015 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары болған. 

Ақмәди Сарбасов 2019 жылдың сәуірінен 2025 жылдың сәуіріне дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр, кейіннен бірінші вице-министр қызметін атқарған. Бұл аралықта, нақтырақ айтқанда 2022 жылдың сәуірі мен 2023 жылдың маусымы аралығында министрлікті Тамара Дүйсенова басқарған.

Ал Дәулет Арғандықов 2014 жылдың тамызынан 2015 жылдың маусымына дейін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары қызметін атқарған. Ол уақытта да аталған министрліктің тізгінін Тамара Дүйсенова ұстаған болатын.

Тамара Дүйсенова қызмет еткен жылдарға шолу:

2008-2013 жылдары – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы, вице-министрі;

2013-2014 жылдары – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;

2014-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі;

2017-2018 жылдары – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;

2018-2019 жылдары – «Нұр Отан» партиясының хатшысы;

2019-2020 жылдары – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» акционерлік қоғамының президенті;

2019-2020 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі;

2020-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі;

2022-2023 жылдары – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;

2023 жылдың маусымынан қыркүйегіне дейін – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;

2023-2025 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары;

2025 жылғы 14 ақпаннан бастап – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі.

ГосАрхив телеграм арнасынан алынған скрин

Тергеу деректеріне сәйкес, лауазымды тұлғалар жеке компаниядан жүйелі түрде пара алып отырған. Олардың үй-жайларына жүргізілген тінту барысында 370 мың АҚШ доллары мен 4,5 миллион теңге қолма-қол ақшалай қаражат табылып, тәркіленген.

Қазіргі уақытта бұл іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Құқық қорғау органдары істің басқа да қатысушыларын анықтау үстінде.