ҚТЖ-да жаңа басшы: Ахметовтың күйеу баласын неге алып тастады?
Бүгін "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының жаңа басқарма төрағасы ретінде Талғат Алдыбергеновті ұжымға таныстырды.
Айта кетейік, бұған дейін бұл лауазым уақытша бос тұрған еді. Нұрлан Сауранбаев Индустрия және құрылыс министрі қызметіне тағайындалғаннан кейін, компанияны уақытша басқару міндеті Ерлан Қойшыбаевқа жүктелген болатын. Ол — бұрынғы ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің күйеу баласы. Бұл тағайындау қоғамда қызу талқылауға себеп болды.
Жаңа төраға Талғат Алдыбергенов осыған дейін "ҚТЖ" басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Оның теміржол саласында 35 жылдан астам еңбек өтілі бар. Алдыбергенов Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын "Теміржол көлігінде тасымалды ұйымдастыру және басқару" мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. Бұдан бөлек, Ресей Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында экономика магистрі (қызыл диплом) және экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.
Компанияның жаңа басшысы ретінде Талғат Алдыбергеновке теміржол саласындағы реформалар мен тиімділікті арттыру жолында үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.