Ұшақ қозғалтқышына кірген ер адам қаза тапты
Италияның солтүстігіндегі Милан-Бергамо әуежайында ер адам ұшақ қозғалтқыш ішіне кіріп, қаза тапты. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары сейсенбі күні хабарлады.
Оқиға сейсенбі күні таңертең, Милан-Бергамо әуежайынан Испанияның солтүстік-батысындағы Астурия қаласына бет алған ұшақ тұрақ орнынан шыққан сәтте болған. Sky TG24 телеарнасының хабарлауынша, ер адам ұшақ ұшу жолағына шыққанда кенеттен жүгіріп барып, қозғалтқышқа тартылып кеткен.
Corriere della Sera газетінің мәліметінше, оқиға кезінде ер адамның ұшақ жолаушысы да, әуе компаниясының қызметкері де болмағаны анықталған. Оқиға орнына келген Volotea әуе компаниясы бұл адамның ауыр жарақат алғанын хабарлады. Алайда кейінірек оның қаза тапқаны расталды.
Ұшақ бортында болған 154 жолаушы мен 6 экипаж мүшесінің бәрі дін аман. Қазір оларға психологиялық көмек көрсетілуде.
Оқиғаға байланысты жергілікті билік тергеу жұмыстарын бастады. Әуежайдың қауіпсіздік жүйесінен өтіп, ұшу алаңына бөгде адамның қалай жеткені анықталуда. CNN тілшілері Милан полициясы мен әуежай әкімшілігіне ресми түсініктеме алу үшін сұрау жолдады.
Әуежай әкімшілігінің мәлімдеуінше, осы оқиғаға байланысты рейстер уақытша тоқтатылған. Кейінірек, сейсенбі күнгі түске таман ұшулар қайта қалпына келтірілді.