АҚШ Әзербайжан мен Арменияны қолдайтынын мәлімдеді
АҚШ мемлекеттік департаменті Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға бағытталған әрекеттерді қолдайтынын жеткізді. Бұл туралы Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс Абу-Дабиде өткен Ильхам Әлиев пен Никол Пашинянның кездесуіне қатысты пікір білдіре отырып мәлімдеді.
«Біз Оңтүстік Кавказда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді қолдаймыз. Вашингтон осы бағыттағы барлық процестерді, оның ішінде БАҚ-та жарияланып жатқан ақпараттарды мұқият бақылап отыр. Қазіргі таңда бізде бұған қатысты қосымша мәлімет жоқ», – деді ол баспасөз конференциясында.
Сондай-ақ Тэмми Брюс АҚШ-тың қазіргі әкімшілігінің ұстанымын еске салып өтті.
«Сіздер білетіндей, президент Дональд Трамп пен мемлекеттік хатшы Марко Рубионың ұстанымы айқын. Америкалық көшбасшы жақында өткен үкімет отырысында бұл әкімшіліктің бейбіт бастамаларға адалдығын нақты көрсетті», – деді ол.
Еске салайық, бүгін Абу-Даби қаласында Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян арасында екіжақты кездесу өтті. Бұл – екі ел басшылары арасында бейбіт келісім жобасы мақұлданғаннан кейінгі алғашқы ресми келіссөз. Кездесудің нәтижесі Оңтүстік Кавказдың болашағына тікелей әсер етуі мүмкін, сарапшылардың пікірінше, бұл жолы Мәскеу тарапынан араласусыз өтіп жатқан алғашқы процесстердің бірі.