Жақында қатаң мәлімдеме жасалады: Трамп Путинге ашулы
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Украинаға арналған қару-жарақ жеткізуге қатысты жаңа жоспарын жариялайды. Бұл туралы Axios басылымы аты-жөнін атамаған дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Басылым мәліметінше, жоспар тек әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен шектелмей, шабуылдаушы қару түрлерін де қамтитын болады. Екі дереккөз Axios-қа берген мәлімдемесінде бұл жоспардың аясында Ресей аумағының тереңінде, соның ішінде Мәскеуде орналасқан нысандарды атуға қабілетті алыс қашықтықтағы зымырандар болуы мүмкін екенін айтқан. Алайда олар түпкілікті шешімнің қабылданғанына қатысты нақты ақпарат бермеген.
«Путин Трампты қатты ашуландырды. Ертеңгі мәлімдемесі өте қатаң болады», — деп келтіреді Axios сенатор-республиканец Линдси Грэмнің сөзін.
Жаңа жоспардың НАТО Бас хатшысы Марк Рютте мен Дональд Трамп арасындағы кездесу кезінде жариялануы күтіліп отыр.
Сондай-ақ, Украинаға жөнелтілетін америкалық қаруларды еуропалық одақтастар қаржыландыратыны хабарланды. Бұл механизмді маусым айында өткен НАТО саммитінде Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған болатын. Ал өткен аптада бұл ұсынысты Трамп тағы еске салған.
«Біз оларға “Patriot” жүйесін жібереміз, себебі оларға бұл өте қажет. Путин — таңғалдыру шебері: күні бойы бейбітсүйгіш сөйлеп, кешке қарай бомбалауды бастайды. Бірақ бұл маған ұнамайды», — деді Трамп жексенбі күні журналистерге берген сұхбатында.
«Біз оларға өте күрделі әскери техникалар жіберетін боламыз. Бірақ барлық шығынды олар (еуропалықтар) 100 пайыз төлейтін болады», — деп қосты АҚШ президенті.