Перизат Қайрат ісі: сотта Головкиннің қолғабы да сөз болды
Астанада өтіп жатқан «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваның ісі бойынша сот отырысында әйгілі боксшы Геннадий Головкиннің қолғаптары сөз болды.
Куәгер ретінде сөйлеген әйел 2021 жылдың қарашасында Астанадағы Sheraton қонақүйінде өткен қайырымдылық аукционда Головкиннің қолғаптарын 10 миллион теңгеге сатып алғанын айтты. Қаражат ресми түрде қор шотына банктік аударым арқылы жіберілген.
«Біз бұл қорды жаңалықтардан білдік. Ол мемлекет қолдауымен құрылған деп сендік. Сондықтан Перизат Қайратқа сенім болды», – деді ол.
Алайда кейінірек қор қызметіне қатысты күмән туындап, куәгер ақшаның қайда жұмсалғанын білмегендіктен, сотқа шағым түсіргенін айтты.
«Мен бұл ақшаны қайтарғым келеді. Себебі ол мақсатты түрде пайдаланылмады», – деп мәлімдеді куәгер.
Іс материалына сәйкес, қорға жиналған қаражат мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы, тасқыннан зардап шеккендер және Палестинадағы соғыстан жапа шеккендерге көмек ретінде жұмсалуы тиіс болған. Алайда тергеу органдары бұл қаражат жеке мақсатқа пайдаланылды деп санайды.
Сот отырысы жартылай жабық режимде өтуде. Бұған дейін Перизат Қайрат СИЗО-да соққыға жығылғанынайтып, мәлімдеме жасаған. Ал ІІМ бейнежазба көрсетіп, бұл ақпаратты жоққа шығарған болатын.