logo
search
menu
Ресей-Украина соғысын тоқтатын адамның аты аталды, Трамп емес
Фото: коллаж Taulik.kz

Ресей-Украина соғысын тоқтатын адамның аты аталды, Трамп емес

19 шілде күні британдық The Times басылымы АҚШ пен Ресей арасындағы шиеленісте үшінші тарап – Қытайдың пайда тауып отырғанын жазды. Басылымның бағалауынша, қазіргі геосаяси шахматта ең тиімді позицияда отырған ел — Қытай.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы 100 пайыздық кедендік баж салығын енгіземін деп сес көрсетті. Алайда, бұл шараның әсері шектеулі болуы мүмкін, себебі 2023 жылы Ресейдің АҚШ-қа экспорты бар-жоғы 3 миллиард долларды, яғни сыртқы сауданың 0,65%-ын ғана құрады.

Нағыз маңыздысы – екіншілік санкциялар туралы ескерту, яғни АҚШ ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алатын елдерге де тариф енгізуі мүмкін. Бұл – Ресей үшін әлдеқайда ауыр соққы. Өйткені өткен жылы Ресейдің мұнай экспорты 192 миллиард долларды құраған. Мұнай экспортының 75%-ы Қытай мен Үндістанға бағытталған.

АҚШ бұл ағынды тоқтатса, әлемдік нарық күйреп, жанармай бағасы шарықтап кетер еді – бұл Вашингтон үшін де саяси тәуекел.

The Times пікірінше, Владимир Путинге Украинадағы позициясын өзгертуге әсер ете алатын жалғыз адам — Си Цзиньпин. Бірақ Қытай көшбасшысы бұған ешқандай ниет білдіріп отырған жоқ.

16 шілде күні ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесіп, Мәскеумен «өзара қолдауды күшейту керек» екенін айтты. Ал Қытай СІМ АҚШ-тың тариф енгізу туралы мәлімдемесін сынға алды.

Қытай СІМ басшысы Ван И бұған дейін Еуроодақтың өкілі Кая Калласпен кездесуінде:

«Путиннің Украинаға басып кіруі Пекин үшін «береке» болды, себебі Батыстың назары Тынық мұхит аймағынан Еуропаға ауысты», – деген болатын.

Басылым Қытайдың Ресейге қосарлы мақсаттағы (dual-use) өнімдерді жеткізіп жатқанын да атап өтеді. Олар:

дрондарды басқаруға арналған оптикалық кабельдер;

нитроцеллюлоза – оқ-дәрі өндіруге арналған химиялық шикізат.

Бұл тауарлар бейбіт мақсатта да пайдаланылуы мүмкін, бірақ соғыс жағдайында Ресей армиясы үшін аса маңызды.