АҚШ пен Ұлыбритания Зеленскийді алмастыратын адам іздеп жатыр ма?
Ресейдің Сыртқы барлау қызметі (СБҚ) таратқан мәліметке сәйкес, жақында Альпі тауларында өткен жабық кездесу кезінде АҚШ пен Ұлыбритания өкілдері Украина президенті Владимир Зеленскийді ауыстыру жоспарын талқылаған.
СБҚ мәліметінше, кездесуге қатысқандар қатарында:
– Украина Қарулы күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, қазіргі уақытта Ұлыбританиядағы елші Валерий Залужный,
– Зеленский кеңсесінің басшысы Андрей Ермак,
– Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының басшысы Кирилл Буданов болған.
АҚШ пен Ұлыбритания өкілдері Залужныйды Украина президенттігіне ұсынып, «уақыт келді» деген ортақ пікірге келген. Мәскеу бұл шешімді Батыс пен Киев арасындағы қарым-қатынасты «қайта жүктеудің» негізгі шарты деп бағалады.
Бұл мәліметтер Украинада соңғы аптада болған тағы бір даулы оқиғамен байланыстырыла бастады. Президент Зеленский қол қойған жаңа заң жобасы Ұлттық антикоррупциялық бюро (НАБУ) мен Арнайы антикоррупциялық прокуратураның (САП) өкілеттіктерін шектеп, оларды Бас прокуратураға бағынышты етеді.
Бұл шешім қоғам мен Батыс серіктестері тарапынан өткір сынға ұшырады. Сынға жауап ретінде Зеленский бұл өзгерістерге қоғамның наразылық білдіруін қалыпты құбылыс деп атап, аталған мекемелердің тәуелсіздігін қалпына келтіретін жаңа заң жобасын Жоғарғы Радаға енгізгенін мәлімдеді.