logo
search
menu
Жеме-жемге келгенде АҚШ Қытай үшін Тайваньннан теріс айнала ма?
Коллаж Taulik.kz

Жеме-жемге келгенде АҚШ Қытай үшін Тайваньннан теріс айнала ма?

АҚШ әкімшілігі Тайваньның қорғаныс министрі Веллингтон Кудың Вашингтонға сапарын соңғы сәтте тоқтатты. Бұл шешім Қытаймен арадағы сауда келіссөздеріне зиян келтіруі мүмкін деген алаңдаушылықпен байланысты қабылданған. Бұл туралы Financial Times басылымы бірнеше дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Веллингтон Ку АҚШ Қорғаныс министрлігіндегі үшінші лауазымды тұлға Элбридж Колбимен әскери келіссөздер өткізу үшін Вашингтонға жақын аймаққа келуді жоспарлаған болатын. Алайда америкалық шенеуніктер бұл сапар Қытай тарапының наразылығын тудырып, Дональд Трамп әкімшілігінің Си Цзиньпинмен кездесу өткізу жөніндегі жоспарына кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартып, министрдің сапарына рұқсат бермеді.

Кездесудің жаңа мерзімі талқыланып жатыр. Алайда басылым дереккөздерінің айтуынша, АҚШ тарапы болашақта келіссөздерді министр емес, Тайвань тарапынан төменірек лауазымды тұлғалармен жүргізуді қалайды.

Бұл жағдай АҚШ пен Тайвань арасындағы байланыстарда алғаш рет орын алып отырған жоқ. Осы аптада Financial Times Ақ үйдің Тайвань әкімшілігінің басшысы Лай Циндэнің Нью-Йорк қаласына тоқтауына да тыйым салғанын хабарлады. Ол Латын Америкасындағы Парагвай, Гватемала және Белиз елдеріне сапармен бара жатқан жолында АҚШ-қа аялдамақ болған. Алайда бұл жоспар Пекиннің қарсылығына байланысты кейінге қалдырылды. Ақыры Лай Циндэ өзінің сапарын кемінде осы жылдың соңына дейін шегеруге мәжбүр болды.