Атыраудағы шекара қызметінің 2016 әскери бөлімінде Отан алдында борышын өтеп жүрген сарбаз – Нұрбек Ерғалиев қаза тапты, деп хабарлайды Taulik.kz сайты Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желідегі жазбаға қарасақ, Нұрбек небары бір айдан кейін борышын аяқтап, үйіне оралуы керек еді. Алайда кеше, 18 тамыз күні жақындарына оның табыты жеткен.
«Әскерге борышын өтеуге кеткен ақтаулық сарбаз 2003 жылы туған Ерғалиев Нұрбек Наурызұлы 2022 жылдың 18 тамызында үйіне табытпен оралды. Ол әскерге былтыр күзде кетті, үйіне оралуға 1 ай қалған екен. Түнде инстаграмыма сарбаздың туыстары хат қалдырыпты», - деп жазады Бибігүл Рамазан.
Туыстарының мәліметіне сүйенсек, бес сарбаз нарядтан түсіп келе жатқанда көліктері сынған. Үш сарбаз бұзылған көлікте қалып, марқұм Нұрбек пен командирі көмек сұрау үшін ұялы байланыс ұстайтын жер іздеп кеткен. Командирінің айтуынша, жолда сарбаз екеуі әлсіреп, бастары айналған. «Нұрбектің аяғы жүре алмай, әлсіреп өліп қалды, ал мен жолға жетіп, аман қалдым» дегенді айтқан.
«Нарядқа кеткен сарбаздар ішке келмеген соң, сағат 12:00 де артынан іздеп, екі көлік жібердік, кешкі сағат 6 кезінде сарбаздар табылған. Оқиға 80 шақырым жерде болған. Сонда сарбаздар таңертең нарядқа кетіп, көлік бұзылса, қолдарында 7 литр су бола тұра, неге отыра бермейді», - деген туыстарының жазбасы желіде тарап жүр.
Нұрбек Ерғалиев Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Атыраудағы 2016 әскери бөлімінде борышын өтеген.