Өнер әлемі қара жамылды: Танымал эстрада әншісі қайтыс болды
Кеңес дәуірінде, сондай-ақ Беларусь пен Ресей эстрадасында танымал болған, көпшілікке "Фантазёр" әнімен ерекше белгілі әнші Ярослав Евдокимов 78 жасында дүниеден өтті, деп Taulik.kz тілшісі Arasha.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы хабарды әртістің туыстары әлеуметтік желі арқылы жеткізді.
"Бүгін таңғы уақытта біздің сүйікті "Фантазёрымыз" Ярослав өмірден өтті! Қадірлі тыңдарман қауым, өнерін бағалап, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамыз! Сондай-ақ жылы лебіздеріңіз бен тілектеріңіз әрдайым оған күш-қуат сыйлап, сенім берген еді. Ол көптеген әсем әндерді орындап, мәнді ғұмыр кешті", – делінген хабарламада.
Ярослав Евдокимов 1946 жылдың 22 қарашасында Ровно қаласында, қуғын-сүргінге ұшыраған отбасыда дүниеге келген. Балалық шағы Ровно облысының Корысть ауылында өтті. Кейін Норильскіге қоныс аударып, музыка мектебін тәмамдады және кәсіби түрде вокалмен айналыса бастады.
Әскери борышын Коль түбегінде өтеген жас өнерпаз өз қабілетін танытып, әуесқой ансамбль құрды. Қызметтен кейін зауытта жұмыс істеп жүріп, мейрамханаларда ән салды. 1975 жылы Беларуське қоныс аударып, Минск филармониясында тыңдаудан өтіп, солист атанды. Сондай-ақ М. Глинки атындағы Минск музыкалық училищесінде вокал бойынша білім алды.
1980-жылдары Евдокимов "Память" патриоттық әндер циклымен, "Майский вальс", "Зачарованная моя" және "Фантазёр" сияқты шығармаларымен кең танымал болды. Оның әндері бірнеше рет «Песня года» тележобасында орындалып, орталық телеарналар мен радиода жиі эфирге шықты.