30 млн теңгелік қақпан: заң кәсіпкерді жақтай ма, алаяқты ақтай ма?
Бұл мақала – елімізде жайшылықта жиі айтылатын «заң үстемдігі» ұғымының шын мәнінде бос ұранға айналып шыға келетінін айғақтайтын айна. Кейіпкер – адал кәсіпкер Нұриса Әлімбек. Ол заңға сеніп, келісімшартқа қол қойып, сеніміне сыналай кіріп алған алаяққа 23 890 000 теңгесін түгел аударып жіберген. Бірақ өзіне уәде етілген өнімнің 12%-ы ғана жеткізілген. Қалғаны «Қылмыс құрамы жоқ» деген прокурорлық мөрдің астында ғайып болыпты. Бұған қоса, істі Ақмола облысы Көкшетау қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты да қарап, кәсіпкердің талабын қанағаттандырмай тастап отыр. Енді амалы таусылған Нұриса Әлімбек апелляцияға үміт артуға мәжбүр, деп хабарлады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл ретте ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») мен Азаматтық кодекстің баптары салыстырмалы түрде талданып, заң мен шынайы өмір арасындағы шыңырау ашылғалы тұр. Жалпы, бұл мақала бір ғана кәсіпкердің әділет үшін күресін емес, ел ішінде тұтас бизнеске төніп тұрған мынадай қауіптерді көрсетеді:
- егер прокуратура «қылмыс жоқ» деген позициядан айнымаса, ертең кез келген алаяқтың алаңсыз жүре беруіне жол ашылу қаупі бар;
- сот әділеттің орнына қағазды ғана қорғаса, кәсіпкерлік пен инвестиция кімге қажет?
- заң тек әлсізге қатал болып, ірі схемаларға көз жұма қараса, мемлекеттің беделі қайда қалады?
Осы жағын ескерсек, біз көтеріп отырған мәселе ресми құжаттар мен сот материалдары негізінде жасалған публицистикалық айыптау актісі болады. Оның түйіні бір-ақ сұраққа келіп тоғысады: Қазақстандағы заң – жәбірленуші азаматты қорғай ма, әлде алаяқты ақтай ма?
Сонымен...
Миллиондарды місе тұтпаған мәміле
Алдымен мәселенің мән-жайына тоқталсақ, 2024 жылдың 26 желтоқсаны Нұриса Әлімбек үшін жаңа мүмкіндікке толы күн болуы керек-тін. Кәсіпкер заңды келісімшарт жасасып, Ақмола облысындағы «Болашақ Агро 19» ЖШС-нен зығыр тұқымын сатып алуға шешім қабылдаған. Басында барлығы құжат жүзінде рәсімделіп, оған екі жақтың қолы қойылады. Бұл – Қазақстанда әрбір адал кәсіпкер сенетін заңды жол. Алайда сол сенген жолда үлкен бір қақпан құрулы тұрған болып шықты.
Нақтылай түссек, кәсіпкер Нұриса Әлімбектің төлемдері түгелдей заңды құжаттармен рәсімделген. Алдымен ол 13,8 миллион теңгені ресми төлем тапсырмасымен банк арқылы аударады. Одан кейін үстінен тағы 6,6 миллион теңгені дәл сондай ресми жолмен төлеген. Бірақ «ауадан ақша сауу» әдісі онымен тоқтамайды. Серіктестіктің талабы бойынша, 1,5 миллион және 1,99 миллион теңге серіктестіктің ресми шотына емес, тікелей директордың туыстарының Kaspi-шотына аударылуға тиіс болған. Яғни бұл жерде кәсіпкер барлық қаржылық міндетін толық орындап отыр. Шотқа кеткен шығынның жалпы сомасы – 23 миллион 890 мың теңге! Содан кейін ғана төлемнің бір бөлігінің жеке адамдардың шотына жіберілуі мәміленің адалдығына күмән тудырады.
Сорақысы, уәде етілген өнімнің орнына кәсіпкерге небәрі 23 тонна ғана зығыр тұқымы берілген. Бұл – жалпы келісімнің небәрі 12%-ына тең. Қалған өнім де, ақша да жоқ.
Мәміле жасасқан екінші тараптың алаяқ екенінің анық дәлелдері:
Біріншіден, «Болашақ Агро 19» ЖШС ҚҚС-пен жұмыс істейтін өндіруші мекеме ретінде таныстырылған. Яғни өнімнің тікелей иесі ретінде көрсетіліп отыр. Ал кейін белгілі болғаны, өнім тұрған қамба да, шаруашылық алаңы да, 200 тонна зығыр тұқымы да мүлде басқа мекеме – «РЕАБВи» ЖШС-не тиесілі екен. Бұл факті алаяқтықтың алғашқы ізі еді.
Екіншіден, кәсіпкер өнімді көруге барғанда, «РЕАБВи» ЖШС басшыларын «жай ғана қамбадағы жұмысшылар» деп таныстырған. Бұл ретте шындықты жасырып, көз алдау үшін арнайы сценарий құрылғаны анық. Яғни сырт көзге бәрін заңды, ақ-адал етіп көрсету үшін маска кигізілген.
Үшіншіден, «РЕАБВи» ЖШС мен «Болашақ Агро 19» ЖШС арасында келісімшарт болған. Сол құжат бойынша «Болашақ Агро 19» ЖШС зығыр тұқымының әр келісін 230 теңгеден сатып алған. Бірақ сол өнімді серіктестік ЖК «Әлімбек Нұрисаға» 185 теңгеден сатуға тиіс еді. Дәл осы тұста қарапайым логика да, экономика да жоқ. Тек әу баста-ақ жалған мәміле арқылы ірі көлемдегі ақшаны қолды ету жоспары құрылған. Демек ағайынды Полат, Азат Қахармановтар және олармен сыбайлас Жанайдар бірігіп, кәсіпкерді алдап соғудың, одан барынша үлкен соманы жымқырудың қасақана схемасын іске асырған.
Төртіншіден, Полат Қахармановтың атына және «Болашақ Агро 19» ЖШС-не қатысты өзге де көптеген алаяқтық фактілері тіркелген. Бұл – жүйелі қылмыстың, қайталанған сценарийдің айқын дәлелі.
Мысал келтірейік:
- «AST AGRO COMPANY» ЖШС-не қатысты сот шешімімен 25.06.2025 ж. және 24.06.2025 ж. күндерінен бастап, 812 500 теңге және 10 428 750 теңге қайтарылмаған қарызы үшін шектеу қойылған;
- «СК-ПРОМТРАНС» ЖШС-не 17.06.2025 ж. бастап 15 945 224 теңге қарызын қайтармағаны үшін шектеу қойылған;
- Полат Қахармановтың жеке атына Азар Исаоғлы Аллахяровқа 8 382 754 теңге қарызы үшін 08.10.2018 жылдан бастап шектеу қойылған;
- Полат Қахармановтың жеке атына Сергей Юрьевич Мунның талабы бойынша 13 185 000 теңге қарызы үшін 20.06.2017 жылдан бастап шектеу қойылған;
- «Компаня ШИН Line» ЖШС атынан «Болашақ Агро 19» ЖШС-не 1 412 336 теңге қарызы үшін 20.05.2024 жылдан бастап шектеу қойылған;
Одан бөлек, «Болашақ Агро 19» ЖШС әлі күнге дейін «Хим Союз» ЖШС-не 20 миллион теңгені қайтармай жүр. Ал «Астана Нан» Көкшетау филиалына 1 900 000 теңге қарызы үшін сот үдерісі жүріп жатыр.
Бұл тізім – жай ғана қарыздардың статистикасы емес, кәсіпкерлік атауын жамылған, шын мәнінде жауапсыздық пен алаяқтықты кәсіп қылған жүйенің жүгенсіздігі. Осынша көп факті жиналып тұрғанда, мұны жай ғана «азаматтық дау» деп сипаттау – әділетті мазақ ету.
Тағы бір сорақылық, Жанайдар, Полат Қахарманов және Азат Қахарманов заңның осал тұстарын пайдаланып, жауапкершіліктен талай мәрте оңай сытылып кеткен. Әрине, осының өзі-ақ олардың «тәжірибесі», қалыптасқан қылмыстық қолтаңбасы бар екенін көрсетеді.
Алаяқтық схемалардың бетпердесі
Егер келісім адал болса, неге ақшаның бір бөлігі жеке адамдардың Kaspi-шотына аударылуы керек? Бұл жай ғана кездейсоқтық па, әлде алдын ала ойластырылған «қалталық жоспар» ма? Бұл сұраққа әзірге жауап таппаса да Нұриса Әлімбек үнсіз қалмақ емес. Ол полицияға арызданды, прокуратураға жүгінді, сотқа барды... Қысқасы, басын тауға да ұрды, тасқа да соқты. Бірақ баяғы жартас – сол жартас, істің ақиқаты әлі ашылмай тұр. Адал еңбегімен тапқан 24 миллион теңгесінен айрылған азаматты құзырлы органдар заң жүзінде қорғап шығуға мүдделілік танытпайтынға ұқсайды. Бұл оқиға – Қазақстандағы әрбір кәсіпкер үшін үлкен сабақ. Ертең сіздің бизнесіңіздің де дәл осылай құрбан болмайтынына кім кепіл?
Сонымен, кәсіпкер ақшасын төлеп болған соң, «Болашақ Агро 19» ЖШС-нің өкілдері – ағайынды Қахармановтар мен олардың серіктесі Жанайдар бір сәтте жоқ болды. Телефондары өшті, уәделер үзілді. Бұл жай ғана делдалдардың қателігі емес, жоспарлы түрде ұйымдастырылған үнсіздік еді.
Нұриса Әлімбек Алматыдан арнайы Астанаға ұшып келіп, аталған адамдармен бетпе-бет сөйлескісі келген. Бірақ кездесулердің бәрі – бір сценарий: «Аздан соң бәрін қайтарып береміз», «Жақын арада шешіледі» деген жалған жұбату, көмескі үміт. Уақыт созылды, нәтиже шықпады. Ақырында олардан күдері үзілген кәсіпкер заңға жүгінуге мәжбүр болған.
Тергеу нәтижесі: «Қылмыс құрамы жоқ»
Келесі кезекте кәсіпкер шығынын қайтару үшін Зеренді аудандық полициясына ресми арыз жазып, соның негізінде сотқа дейінгі тергеу ісі басталды. Өкінішке қарай, көп ұзамай бәрі тосын әрі түсініксіз аяқталған.
Алдымен прокурор Байжанов қаулы шығарып, істі ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы («Қылмыс құрамының болмауы») негізінде тоқтатып тастаған. Кейін бұл шешімді Ақмола облысының прокуратурасы да бекітті. Ал Бас прокуратура, тіпті, шағымды қараудан бас тартқан. Соның салдарынан соңғы үміт сот жүйесіне артылады. Бірақ Зеренді аудандық және Ақмола облыстық соты да Нұриса Әлімбектің жеке шағымын қанағаттандырмай, істі сол баяғы тоқтатылған күйінде қалдырған. Осылайша, ресми қорытынды қайта-қайта айналып келіп, «Қылмыс құрамы жоқ» деген бір-ақ сөйлемге келіп тіреле берді. Ал бейресми ақиқат тым ащы: кәсіпкер 23 890 000 теңгені түгел төлегенмен, қолына тигені – небәрі 23 тонна зығыр. Оның сеніміне кіргендер әдейі уақытты созу үшін 5 миллион теңгені ғана қайтарады. Содан Зеренді аудандық прокуратурасы қылмыстық істі тоқтатқаннан кейін қалған 16 миллион теңгенің қайтарылмағанына жылға жуық уақыт өтіп кеткен.
Сот шешімі және апелляция
2025 жылғы 25 шілдеде бұл істі Ақмола облысы Көкшетау қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қараған. Бірақ оның да шешімі кәсіпкер Нұриса Әлімбектің үмітін ақтамады.
Сот ҚР Азаматтық кодексінің 160-бабына және 2016 жылғы 7 шілдедегі №6 ҚР Жоғарғы сотының нормативтік қаулысына сілтеме жасаумен шектеліп, алаяқтық әрекеттерді ескермеген. Кәсіпкер алға тартқан «200 тонна зығыр тұқымын бөтен қоймада өзінікі деп көрсетіп алдау» фактісі және «құқықтық салдар жасау ниетінсіз мәміле жасалды» деген дәлел назардан тыс қалған.
Сонымен қатар, жәбірленушінің Зеренді аудандық полиция басқармасына жеке ұйғарым шығару туралы өтініші қаралмай, процессуалдық құқықтар бұзылып отыр. Тіпті, сот отырысында мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде қолданбау да заңдық кемшілік ретінде аталды.
Осының бәрін негізге алған кәсіпкер Нұриса Әлімбектің бұл жолы шенділерге апелляциялық шағым түсіруіне тура келген. Ол қазір алғашқы сот шешімінің күшін жоюды және талап-арызды толық қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім қабылдауды сұрап отыр.
Заң тілі не дейді?
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») «Алаяқтық – бөтеннің мүлкін немесе оған құқықты алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы иемдену» деп сөйлеп тұр. Бұл анықтамаға кәсіпкер Нұриса Әлімбектің басынан өткен жағдай айна-қатесіз сәйкес келеді. Біріншіден, алдау болды. Ағайынды Қахармановтар мен олардың серіктесі толық өнім жеткізуді уәде етті. Бірақ келісілген тауардың тек оннан бірі ғана берілді. Қалғаны жоқ. Екіншіден, сенімді теріс пайдалану болды. Екі тарап ресми келісімшартқа қол қойды, төлемдер банктік жүйе арқылы өтті. Тіпті бір бөлігінің ресми емес Kaspi-шоттарға жіберілгені де заңды айналып өтуге жасалған айла екенін көрсетеді. Үшіншіден, бөтеннің мүлкін иемдену фактісі бар. Кәсіпкердің 23 890 000 теңгесі қарсы тараптың қолында қалды. Яғни мүлік иесі ақшасынан айырылды, ал уәде еткен тарап өзіне тиесілі емес қаржыны иеленіп отыр.
Міне, Қылмыстық кодекс баптарының диспозициясы осылай ашық айқайлап тұр. Бұл – азаматтық-құқықтық даудан гөрі қылмыстық құрамға толық сәйкес келетін классикалық алаяқтық. Алайда осының бәрін көзге шұқып көрсеткендей дәлелдер тұрса да прокуратура істі «Қылмыс құрамы жоқ» деп тоқтата салды. Ал соттар ол шешімді бекітіп берді. Бұл жерде заң мен өмірдің арасындағы қайшылық айқындала түседі. Заң бойынша алаяқтық бар, өмірде ақшасы жоғалған кәсіпкер бар. Бірақ ресми қорытынды – «қылмыс жоқ».
Енді осыны қарапайым логикаға салсақ: ақша бар + тауар жоқ = қылмыс. Бірақ біздің құқық қорғау жүйесінің логикасы басқаша: ақша бар + тауар жоқ = азаматтық дау. Дүкеннен бір бөлке нан ұрласаң, ол – қылмыс. Ал 23 890 000 теңгені қалтаға бассаң, ол – «құқықтық мәміле». Тоқетері – әділеттің ірі қылмысқа көз жұма қарап, ұсақ қылмыспен айналысуы. Бұны тек бір кәсіпкердің емес, тұтас құқықтық жүйенің дағдарысы дерсің. Егер осындай жағдайда да ҚР ҚК-нің 190-бабы жұмыс істемесе, онда ол бап кім үшін жазылған?..
Заңдық талдау: мәміле ме, алаяқтық па?
Бұл классикалық азаматтық дау емес, қылмыстық схеманың айна-қатесіз үлгісі болса керек. Өйткені Азаматтық кодекстің 147, 151-баптары мәміле жарамсыз болса, оның заңдық күші жоқ деп көрсетеді. Бірақ мұнда жай «жарамсыз мәміле» емес, қасақана алдау, жоспарланған әрекет бар. Сондықтан істі тек азаматтық-құқықтық планда қарастыру – қылмыстық жауапкершіліктен жалтарудың бір жолы ғана.
Осының бәрін қорыта айтқанда, әділет қайда? Әлбетте, мұндай жағдайда мемлекеттік заң қылмысты айқындамай, әділетті қорғамай тұрса, сенім құлайды. Сенім құлаған жерде бизнес те, инвестиция да, азаматтық келісім де өмір сүре алмайды. Қазақстан билігі жиі айтатын «Жаңа, әділетті Қазақстан» ұраны дәл осындай істерде сыналады. Егер 30 миллион теңгелік алаяқтық «қылмыс емес» деп танылса, онда «әділет» дегеннің қағаздағы әдемі сөздер ғана болып көрінері хақ.
Еркеғали БЕЙСЕНОВ
Бұл сараптама ресми құжаттар мен сот материалдары негізінде дайындалды. Егер осы іске қатысты қарсы тараптың уәжі немесе ресми түсініктемесі болса, біз әрдайым оларды да жариялауға әзірміз. Автор мақаласы редакцияның ресми көзқарасын білдірмейді.