Ресей дрондарына жауап – НАТО әскері Польшаға кіретін болды
Варшава, Польша (AP) – НАТО жұма күні Шығыс шекарадағы қорғаныс жүйесін нығайтуға кіріскенін мәлімдеді. Бұл аймақ Беларусь, Ресей және Украинамен шектеседі. Альянс бұл қадамды Ресей дрондарының Польша аумағына кіріп кеткенінен кейін жасап отыр.
Еуропадағы НАТО күштерінің бас қолбасшысы генерал Алексус Гринкевич Брюссельде өткен брифингте жаңа «Eastern Sentry» («Шығыс күзет») операциясы аясында Франция, Дания, Германия және Ұлыбританиядан қосымша әуе және жердегі қорғаныс құралдары орналастырылатынын айтты.
«Бұл – жаңа қорғаныс тұжырымдамасы. Қосымша ресурстар бізге әлсіз тұстарды жапқызуға, күштерді қажет жерге шоғырландыруға және НАТО-ның бүкіл шығыс қанатындағы байланыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді ол.
Операцияға Францияның Rafale жойғыш ұшақтары, Данияның F-16 ұшақтары, бір фрегат пен жерүсті қорғаныс жүйелері жұмылдырылады.
Польшаның қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камыш X әлеуметтік желісінде бұл бастаманы «қажетті жерде әрекет етуге дайын белсенді тосқауыл қою» деп бағалады.
Осы аптада бірнеше ресейлік дрон Польша аумағына өтіп кеткен еді. НАТО жойғыштары оларды атып түсіруге мәжбүр болды. Бұл оқиға Украинадағы үш жылға созылған соғыстың шекарадан асып, кеңейіп кетуі мүмкін деген алаңдаушылықты тағы да күшейтті.