Ресей енді халықаралық қоңырауларға да тыйым салмақ
Ресей билігі халықаралық кіріс қоңырауларға шектеу қоюды жоспарлап отыр. Ресми түсіндірме біреу: телефон арқылы жасалатын алаяқтықты тоқтату. Алайда ұсынылып отырған тетіктер мен саяси контекст бұл бастаманың тек техникалық қауіпсіздікпен шектелмейтінін аңғартады.
Үкімет дайындаған «кибермошенниктен қорғау» жөніндегі екінші пакетке жиырмаға жуық бастама енген. Соның ең даулысы – абоненттің алдын ала келісімінсіз шетелдік нөмірлерден келетін қоңырауларды бұғаттау. Бұған қоса, барлық халықаралық кіріс қоңырауларды міндетті түрде арнайы белгілеу ұсынылып отыр. Яғни, телефон экранында қоңыраудың қай елден түскені бірден көрініп тұрады. Қалаған жағдайда ғана абонент операторға хабарласып, мұндай қоңырауларды қабылдауға рұқсат беруі керек.
Бұл идея жаңа емес. Маусым айында-ақ Цифрлық даму министрлігі осыған ұқсас ұсынысты көтерген. Ал қазан айында Мемлекеттік дума стационарлық телефондарға халықаралық қоңырауларды толық бұғаттау мәселесін талқылауды ұсынды. Депутаттардың айтуынша, мессенджерлердегі шектеулерден кейін алаяқтар «ескі» байланыс түрлеріне – кәдімгі телефон желісіне қайта көшкен.
Билік бұл бастаманы тек қылмыспен күрес ретінде көрсетіп отыр. Владимир Путин де Адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелерімен кездесуде «достас емес елдерден» жасалатын қоңырауларды бұғаттау, қоңырауларды таңбалау және мемлекеттік органдар мен банктер қызметкерлеріне қойылатын талаптарды қатаңдату жөніндегі ұсыныстардың үкімет тарапынан ескерілгенін мәлімдеді. Оның сөзінше, «цифрлық ортадағы қауіпсіздікті күшейтуге» арналған бұл пакет қазір келісу сатысында, ал үшінші пакет те жоспарланып отыр.
Тағы бір назар аударарлық жайт – «достас емес елдер» деген формулировка. Қоңыраулар географиясын осылай саясиландыру техникалық қауіпсіздік шарасынан гөрі ақпараттық және коммуникациялық кеңістікті бақылауға алу ниетін еске салады. Егер механизм толық іске қосылса, болашақта шектеу тек алаяқтыққа емес, жалпы халықаралық байланысқа әсер етуі ықтимал.
Сарапшылардың бір бөлігі алаяқтықтың негізгі проблемасы қоңыраудың қай елден келгенінде емес, деректердің заңсыз таралуында, банктер мен операторлардың қауіпсіздік жүйелеріндегі олқылықтарда екенін айтады. Ал халықаралық қоңырауларды бұғаттау – симптоммен күресіп, аурудың өзін емдемеу.
Бұған дейін WhatsApp пен Telegram-дағы қоңыраулар шектелді. Енді кезек кәдімгі телефон байланысына келді. Әр қадам жеке-дара қарастырғанда логикалық көрінуі мүмкін. Бірақ бәрін бірге жинасаңыз, Ресейде сыртқы әлеммен тікелей байланыс арналары біртіндеп тарылып бара жатқаны анық байқалады.