Қазақстан әлемдегі жер көлемі бойынша қалай 8-орынға көтерілген?
Encyclopedia Britannica-ның жаңа деректері бойынша Қазақстан аумағы жағынан әлемдегі сегізінші ең үлкен мемлекет болып танылды. Бұған дейін еліміз тоғызыншы орында тұрған болатын.
Халықаралық танымал энциклопедияның соңғы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан 2,724,900 шаршы километр (1,052,084 шаршы миль) аумақты алып жатыр. Бұл көрсеткіш еліміздің әлемдік рейтингте бір сатыға жоғарылауына мүмкіндік берген секілді.
Рейтинг бойынша алғашқы үштікті дәстүрлі түрде Ресей (17,075,400 км²), Канада (9,968,242 км²) және АҚШ (9,866,624 км²) басқарып келеді.
Қазақстанның алдында Қытай (9,572,900 км²), Бразилия (8,510,418 км²), Австралия (7,688,126 км²) және Үндістан (3,287,263 км²) орналасқан. Еліміз тоғызыншы орындағы Аргентинадан (2,704,789 км²) аумағы жағынан кіші болса да, оныншы орындағы Алжирден (2,381,741 км²) айтарлықтай асып түседі. Бір қызығы, бұған дейінгі дерек бойынша, біздің алдымызда Аргентина елі тұрған еді.
Мамандар Қазақстанның рейтингтегі орнының өзгеруі географиялық деректердің нақтылануы мен халықаралық танылған аумақтық шекаралардың қайта есептелуіне байланысты болды деп түсіндіреді. Encyclopedia Britannica өзінің рейтингінде де-факто басқарылатын аумақтарды емес, халықаралық мойындалған шекараларды негізге алатынын атап өтті. Мысалы, Украинаның Ресей басып алған аумақтары есепке алынбаған.
Орталық Азия аймағында Қазақстан аумағы жағынан абсолют көшбасшы болып табылады. Өңірдегі екінші ең үлкен мемлекет Түркіменстан (491,210 км²) 52-орында, ал Өзбекстан (448,971 км²) 56-орында тұр.