Адамға шошқаның жүрегін салуға бола ма?
Кеше ғана қиял-ғажайып болып көрінген дүние ертең-ақ шындыққа айналуы мүмкін. Ресейлік ғалымдар 2030 жылға қарай адамға орган беруге жарайтын «мінсіз донор-шошқаны» жасап шығаруға уәде беріп отыр.
Бірақ мұндай шошқаны қалай өсіруге болады? Осындай жобалардың құны қаншаға түсуі мүмкін?
Ксенотрансплантологияның қыр-сырын біз биология ғылымдарының кандидаты, МФТИ жанындағы геномдық инженерия зертханасының меңгерушісі Павел Волчковпен талқылап көрдік.
Не уәде етіліп отыр?
«М-Геномика» компаниясының бас директоры Эдуард Чуйко ТАСС агенттігіне берген сұхбатында адамға орган салуға жарамды шошқаны 3–4 жыл ішінде өсіруге болатынын айтты. Жоба Новосибирскідегі Мешалкин атындағы клиникамен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Бұл – Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы ең ірі медициналық орталықтардың бірі.
Дегенмен, ертеңнен бастап адамдарға жаппай шошқа ағзаларын салып жібереді деу – асығыстық. Алда доклиникалық және клиникалық сынақтар, тіркеу рәсімдері, арнайы инфрақұрылым құру сияқты ұзақ кезеңдер бар. Жоба авторларының айтуынша, толық цикл шамамен 12 жылға созылуы мүмкін.
Тарихқа қысқаша шолу
Ксенотрансплантациямен адамзат кеше ғана айналыса бастаған жоқ. 1667 жылы Франция королі Людовик XIV-тің дәрігері Жан-Батист Дени безгекпен ауырған жасөспірімге қозының қанын құйған. Ал 1682 жылы нидерландтық хирург Хоб ван Меекерен орыс дворянына иттің бас сүйегінен алынған сүйекті салғаны тарихта қалған.
Ең сәтті мысалдардың бірі – Ричард Слейманға қатысты оқиға. 2024 жылдың наурызында оған генетикалық өзгертілген шошқаның бүйрегі трансплантацияланды. Операциядан кейін ол бірнеше ай өмір сүрді. Дәрігерлер оның қайтыс болуын салынған органмен тікелей байланыстырған жоқ.
Неге дәл шошқа?
Біріншіден, адамзат бұл жануармен жұмыс істеуде үлкен тәжірибе жинақтаған. Шошқаның дене салмағы мен ағзалары адамға шамалас, әрі шошқа еті өнеркәсіптік көлемде өндіріледі. Алайда мәселе мұнымен бітпейді: адамның иммундық жүйесі мен шошқаның ағзасы арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар.
Сондықтан шошқаның ағзаларын адамға жақындату үшін оны «гуманизациялау», яғни көптеген генетикалық өзгерістер енгізу қажет. Мысалы, салынған ағзаға иммундық жүйе шабуыл жасамауы үшін донор-шошқаны ішінара иммунтапшылыққа ұшыратуға тура келеді. Кейбір гендерді алып тастау немесе «сөндіру» қажет болады. Қазіргі таңда органның адам ағзасында тұрақты жұмыс істеуі үшін нақты қанша және қандай өзгеріс қажет екені әлі анық емес. Оның үстіне, көптеген мутациялар өміршең емес жануарлардың дүниеге келуіне әкеледі.
Бұл қиял ма, әлде шындық па?
Бүгінде ксенотрансплантология – кең ауқымда қолданылатын әдіс емес, ғылыми эксперимент деңгейінде қалып отыр. Бұл бағытта алға шыққан елдер – АҚШ пен Қытай. Онда миллиардтаған қаржы тартылған бірнеше стартап жұмыс істеп жатыр. Ресейде де осындай жоба болған: МФТИ-де ГМО-шошқаларды жасауға талпыныс жасалған.
Доклиникалық зерттеулер көбіне генетикалық өзгертілген шошқалардың ағзаларын приматтарға салумен шектеледі. Қазіргі таңда шошқадан алынған жүрек қақпақшаларын трансплантациялау белсенді жүргізіліп жатыр, алайда тұтас ағзаларды көшіру әлі де бірлі-жарым жағдайлармен ғана шектелуде. Ал адамнан адамға орган салу ісінде медицина әлдеқайда ілгеріледі.
Қандай қиындықтар бар?
Мұндай жобалар орасан зор инвестицияны талап етеді. Потенциалды донор-шошқалар арнайы SPF-аймақтарда – қауіпті бактериялар мен вирустардан толық тазартылған ортада ұсталуы тиіс. Әйтпесе иммунтапшылыққа ие жануарларды кез келген инфекция оңай жойып жіберуі мүмкін. Генетикалық модификациялар саны артқан сайын жобаға қойылатын талаптар да күрделене түседі.
Бұған қоса, шошқалардың өз биологиялық ерекшелігі бар: олардың көбею циклі баяу, мысалы, зертханалық тышқандармен салыстырғанда әлдеқайда ұзақ. Бұл да зерттеу қарқынына шектеу қояды.
«Қазіргі таңда шошқаның ағзасын адамға салу туралы әңгіме – көбіне гипотетикалық сипатта. Бұл бағытпен айналысудың қажеті жоқ деген сөз емес, тек оның өте күрделі әрі ұзақ процесс екенін түсіну керек», – дейді сарапшы.