Politico: Путиннің «ұлы держава» жобасы үшін бір дәуір аяқталып келеді
Ресей президенті Владимир Путин Венесуэла мен Ирандағы өз одақтастарын Дональд Трамптың қысымынан қорғай алмады. Politico басылымы мұны «Путиннің ұлы держава құру жобасы үшін “дәуірдің соңы” таяп келеді» деген тақырыптағы материалында жазады.
Үш күнге жоспарланған соғыс – жылдарға созылған тығырық
Украинаға басып кіруді бастағанда Путин бұл соғысты Ұлы Отан соғысымен салыстырған еді. Алайда 2026 жылдың қаңтар айының үшінші аптасына қарай Украинадағы соғыс Ресей президенті үш күнде аяқталады деп үміттенген науқаннан әлдеқайда ұзаққа созылып, тіпті Германиямен болған соғыстан да асып түсті, деп жазады Politico.
Соғыс біртіндеп титықтатарлық ресурстық қақтығысқа айналды. Украина аумағының шағын бөлігін басып алу Ресейге шамамен 1,1 миллион адам шығынына (қаза тапқандар мен жараланғандар) әкелді. Бұған қоса, Белгород облысында көлік қатынасының үзілуі мен электр қуатындағы іркілістер де жағдайды ушықтырды.
Одақтастар желісінің ыдырауы
Басылымның жазуынша, Мәскеу Украинада әбден шырмалып қалған сәтте, соңғы жиырма жыл бойы құрылған Ресейдің ғаламдық одақтастар желісі Трамптың қысымына шыдамай, ыдырай бастады. Ал Путин бұл құлдырауды тоқтату үшін айтарлықтай ештеңе істей алмай отырғандай әсер қалдырады.
Сирия, Венесуэла және танкер дауы
Таяу Шығыста Кремль 2024 жылдың соңында Сириядағы Башар Асад үкіметі құлағаннан кейін маңызды одақтасынан айырылды. Ал 2026 жылдың қаңтар айының басында Мәскеу Оңтүстік Америкадағы ең жақын серіктестерінің бірі Николас Мадуроны да қорғай алмады. Өткен жылы ғана Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан Мадуро биыл АҚШ-тың қолына түсті.
Тіпті Ресей АҚШ-тың Ресей туымен жүрген мұнай танкерін бұрын-соңды болмаған түрде басып алуына да қарсы тұра алмады.
Иран: стратегиялық серіктестік – кепіл емес
Иранмен Путин небәрі бір жыл бұрын 20 жылға арналған стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл ел Ресейге дрондар жеткізген. Алайда бүгінде Ирандағы режимнің өзі жаппай наразылықтар салдарынан құлау қаупінде тұр.
Ирандағы билікке жақын журналистер Ресейдің бұл елге броньды техника мен соққы беретін тікұшақтар жеткізгенін хабарлаған. Дегенмен, Иранда ешкім жағдай шын мәнінде ушығып кетсе, Ресей соңына дейін қолдайды деген иллюзияға сенбейді, дейді Politico-ға пікір білдірген Иран бойынша сарапшы Никита Смагин.
Оның айтуынша, екі ел арасындағы серіктестік келісімінде өзара әскери қорғау туралы бап жоқ.
«Бұл мемлекеттер шын мәнінде одақтас емес, тек амалсыздан стратегиялық серіктес болып отыр. Себебі екі жақтың да балама мүмкіндіктері аз», – дейді Смагин.
«Ұлы держава» – имитация ғана ма?
Мәскеудің бастамасымен құрылған бұл альянс басынан-ақ көп жағдайда фикция болғанын Ресейдің БҰҰ-дағы Женева өкілдігінің бұрынғы кеңесшісі Борис Бондарев атап өтті.
«Венесуэла да, Иран да Ресей империясының бір бөлігі емес», – дейді ол. Оның сөзінше, Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейге «жалғыз емес екенін көрсету маңызды болды, бірақ бұл – таза пропаганда».
Соғысқа жақын ресейлік блогер Максим Калашников та Politico келтірген пікірінде:
«Тұтас бір дәуір аяқталып келеді», – деп жазды. Оның айтуынша, Ресей билігі «ұлы держава құрумен емес, оның имитациясымен ғана айналысты».
Кремльдің үнсіздігі және соңғы ставка
Бондарев Путиннің Венесуэла мен Ирандағы оқиғаларға әзірге ешқандай пікір білдірмегеніне назар аударады. Бұл – Кремль басшысына тән тактика: жағымсыз жаңалықтарды бағыныштылардың мойнына арту.
Алайда экс-дипломаттың пікірінше, Мәскеу қысымға берілмейтінін көрсету үшін өз «басымдығын» ең алдымен Украинада дәлелдеудің жолдарын іздейді.