"36 жасымда өмірім тоқтауы мүмкін": Рамазан Амантай денсаулығы туралы күтпеген хабарды айтты (ВИДЕО)
Танымал актер әрі ақын Рамазан Амантай әлеуметтік желідегі парақшасында денсаулығына қатысты күтпеген әрі алаңдатарлық мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sn.kz.
Өнер иесі өз жағдайына дабыл қағып, шұғыл түрде өмір салтын өзгертіп, арықтауға бел буғанын айтты. Оның сөзінше, дәрігерлік тексерулерден кейін алған нәтижелер оны батыл шешім қабылдауға мәжбүрлеген.
"Егер дәл осы сәттен бастап өз өмірімді қолға алмасам, 36 жасымда өмірім тоқтауы мүмкін. Шегінерге жол жоқ. Бұған дейін бастадың да, тастап кеттің дейтіндер табылар, ол – әркімнің өз еркі. Бірақ менде басқа амал қалмады. Дәрігерлерге көріндім, толық чекаптан өттім, аппараттық тексерулер жасалды. Нәтижесін көрген соң, егер бүгіннен бастап өз-өзімді қолға алмасам, денсаулығым 36 жасқа дейін ғана шыдайды деген қорытындыға келдім. Әрине, өмір мен өлім Алланың қолында. Бірақ сақтанғанды Алла сақтайды. Денсаулық – аманат. Сондықтан нар тәуекел! Өздеріңізге қараңыздаршы. Қалай осылай салмақ жинап алғанымды өзім де білмеймін. Жинау оңай, тастау қиын. Жайылмаңыздар", – деді ол.
Рамазан Амантайдың жаттықтырушысының айтуынша, актердің қазіргі денсаулық жағдайы аса қауіпті. Артық салмақ салдарынан инфаркт немесе инсульт алу қаупі жоғары, ал денедегі май ішкі ағзаларға қатты қысым түсіріп отыр.
Қазіргі таңда өнер иесінің салмағы 161 келіні құрайды, яғни шамамен 70 келіге жуық артық салмағы бар.