Давос дабылы: Макрон «ережесіз әлемнің» қаупі туралы мәлімдеді
Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның мінберінен Франция президенті Эммануэль Макрон әлемдік тәртіптің күйреп жатқаны туралы ашық айтып, халықаралық қауымдастықты сақ болуға шақырды. Оның пайымдауынша, қазіргі таңда демократиядан гөрі автократияның ықпалы артып, күш көрсету саясаты алдыңғы орынға шыққан.
Халықаралық құқық аяқасты болған заман Франция президенті Эммануэль Макрон өз сөзінде 2024 жылдың адамзат тарихындағы ең қанды кезеңдердің бірі болғанын атап өтті. Оның дерегінше, өткен жылы әлемде 60-тан астам соғыс болып, бұл көрсеткіш абсолютті рекордтық деңгейге жеткен. Президент қақтығыстардың тек майдан даласында емес, цифрлық кеңістікте, киберкеңістікте және сауда-саттық саласында да қалыпты жағдайға айналғанына қынжылыс білдірді.
«Біз қазір халықаралық құқық аяқасты болып, тек күштінің заңы ғана үстемдік құратын, империялық амбициялар қайта оянған ережесіз әлемге қарай бет алып барамыз», — деп мәлімдеді Эммануэль Макрон. Оның пікірінше, бұл — ортақ мәселелерді шешетін ұжымдық басқару құрылымдарының жойылуына әкелетін өте қауіпті үрдіс.
Американың амбициясы және Еуропаның тағдыры Макронның Давостағы сөзінің ең өткір тұсы АҚШ-тың қазіргі экономикалық саясатына бағытталды. Ол Вашингтонның сауда келісімдері арқылы Еуропаның экспорттық мүдделерін шектеп, кәрі құрлықты өзіне бағынышты етуге тырысып жатқанын ашық айтты.
Франция президентінің айтуынша, АҚШ тарапынан енгізіліп жатқан шексіз тарифтер мен баж салықтары — бұл жай ғана экономикалық шара емес, мемлекеттің аумақтық егемендігіне қарсы қолданылатын қысым тетігі. «Еуропаны әлсіретуге және оны өз мүддесіне жығып беруге бағытталған мұндай қадамдар біз үшін мүлдем қабылданбайды», — деді Макрон.
Текетірес белең алған кезең Бұл мәлімдеме Дональд Трамптың Давостағы белсенді әрекеттерімен және оның еуропалық тауарларға баж салығын енгізу туралы сестерімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұған дейінгі деректерде айтылғандай, Трамп француз шараптарына 200 пайыздық салық енгізу арқылы Парижге қысым көрсетпек болған еді. Макронның бұл жауабы Еуропаның АҚШ тарапынан келетін экономикалық «шабуылдарға» бас имейтінін көрсетсе керек.
Сарапшылар Макронның бұл сөзін Еуроодақтың өз бетінше әрекет ететін дербес күш ретінде сақталып қалуы үшін жасалған соңғы талпыныстарының бірі деп бағалауда. Егер ұжымдық ынтымақтастық орнына аяусыз бәсекелестік келсе, әлемдік тұрақтылықтың іргесі одан әрі шайқала бермек.