Резеңке апат алдында: Әлемдік экономиканы құрдымға жіберуі мүмкін «үнсіз қауіп»
Біз күнделікті өмірде көлік шинасына, медициналық қолғапқа немесе қарапайым өшіргішке мән бере бермейміз. Алайда, қазіргі заманауи қоғамның тірегі болып отырған табиғи каучук жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Егер бұл шикізат көзі сарқылса, әлемде ұшақтар ұшпай, жүк көліктері тоқтап, азық-түлік тапшылығы орнауы мүмкін.
Резеңке – табиғаттың ең жұмбақ туындыларының бірі. Көптеген материалдар қызған кезде кеңейсе, резеңке, керісінше, жиырылады. Бұл оның молекулалық құрылымына байланысты: жылу энергиясы полимерлік тізбектерді шиыршықтап, тартылу күшін арттырады. Қызықты дерек: каучуктың негізгі блогы болып табылатын «изопентенил пирофосфат» (IPP) молекуласы адам ағзасында, атап айтқанда бауырда да өндіріледі. «Веритасиум» жобасының сарапшылары атап өткендей, адам – нағыз каучук шығаратын шағын зауыт іспетті, себебі бұл зат жасушалық мембраналар үшін өте қажет.
Фордландияның күйреуі және «жауыз» саңырауқұлақ
Табиғи каучуктың 90 пайыздан астамы Оңтүстік-Шығыс Азияда өндіріледі. Бірақ бұл аймаққа үлкен қауіп төніп тұр. Оңтүстік Америкадағы каучук ағаштарын (гевея) жаппай жойып жіберген «жапырақ күйігі» атты саңырауқұлақ ауруы кез келген сәтте Азияға таралуы мүмкін.
Кезінде автокөлік королі Генри Форд Амазония ормандарында «Фордландия» атты утопиялық қала тұрғызып, миллиондаған ағаш ектірген еді. Алайда, ағаштардың бір-біріне тым жақын отырғызылуы грибоктың індеттей таралуына әкеліп, Фордтың жобасы толықтай күйреді. Бүгінде бұл саңырауқұлаққа қарсы ем әлі табылған жоқ.
Неге синтетикалық резеңке табиғи каучукты алмастыра алмайды? Бүгінде резеңке бұйымдарының 70 пайызы мұнайдан алынатын синтетикалық материалдардан жасалады. Бірақ ұшақ шиналары әлі күнге дейін 100 пайыз табиғи каучуктан жасалады. Неге?
Себебі табиғи резеңкеде «кристалдану» қасиеті бар: ол созылған сайын молекулалары реттеліп, материал мықтылана түседі. Ұшақ жерге қонғанда шиналарға түсетін алапат салмақ пен температура өзгерісіне тек табиғи каучук қана шыдас бере алады. Синтетикалық баламалар мұндай жүктемеде тез жыртылып кетеді.
Резеңкені бүгінгі күйіне келтірген – Чарльз Гудиер. Ол өмірінің көп бөлігін қарызға батып, түрмеде өткізсе де, каучукты тұрақтандыру идеясынан бас тартпаған. 1839 жылы ол кездейсоқ күкірт қосылған каучукты ыстық плитаға түсіріп алады. Каучук еріп кетпей, керісінше, қатайып, созылмалы күйге енген. Осылайша «вулканизация» процесі дүниеге келді. Қазіргі таңда оның есімімен аталатын шина компаниясы жылына 19 миллиард доллар табыс тапқанымен, Гудиердің өзі кедейлікте көз жұмған.
Егер Оңтүстік-Шығыс Азиядағы плантацияларға грибок жетсе, әлемдік логистика тоқтап, қалаларда аштық орнауы мүмкін. Сондықтан ғалымдар қазір балама жолдарды іздестіруде. Доктор Курнишбастаған зерттеушілер шөл далада өсетін «гваюла» өсімдігінен каучук алу технологиясын дамытуда. Бұл өсімдіктен алынған резеңке аллергия тудырмайды және бразилиялық гевеяға лайықты басекелес бола алады.
«Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – дейді сарапшылар. Резеңкесіз қазіргі заманғы соғыста жеңіске жету де, бейбіт өмірді сақтау да мүмкін емес. Сондықтан бұл «икемді алтынды» сақтап қалу – адамзат үшін стратегиялық міндет.