logo
search
menu
ДСМ денсаулық саласын дамытудың жаңа ережесін бекітті
Фото: министрлік сайтынан алынды.

ДСМ денсаулық саласын дамытудың жаңа ережесін бекітті

Денсаулық сақтау министрлігінде ведомство басшысы Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту, медициналық білім беру және жеке секторды реттеу мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел денсаулық сақтау жүйесінің ресурстарды арттыру кезеңінен заңдылық, қаржылық тәртіп және медициналық көмек сапасын қатаң бақылау қағидаттарына негізделген институционалдық нығайту кезеңіне көшуіне арналды.

Талқылауға ҚР ДСМ Қоғамдық кеңесінің басшысы Надежда Петухова, Ұлттық нейрохирургия орталығы басқармасының төрағасы, академик Серік Ақшұлақов, ҚР ҰҒА академигі, репродуктолог Вячеслав Локшин, профессор Мақсұт Құлжанов, сарапшылық және кәсіби қауымдастық өкілдері, «Атамекен» палатасы, UMC КҚ, мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.

Соңғы жылдары медициналық көмек көрсету жүйесі қаржыландырудың айтарлықтай өсуіне қол жеткізді, бұл елеулі әлеуметтік нәтижелерге жетуге мүмкіндік берді: күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа дейін өсті, жалпы өлім-жітім 2%-ға, нәрестелер өлімі 16,5%-ға төмендеді.

Сонымен бірге қаржыландырудың бақылауды күшейтусіз өсуі бұрмалаушылықтарға, теріс пайдаланушылықтарға және сенімнің төмендеуіне сөзсіз әкелетіні атап өтілді.

Денсаулық сақтау министрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жетілу сатысына көшкенін және ережелер, жауапкершілік және бақылаудың тұтас архитектурасын талап ететінін баса айтты. Жүйенің қаржылық ресурстары қатаң мақсатты түрде пайдаланылуы тиіс, ал әрбір қатысушы — медициналық ұйымнан бастап нақты маманға дейін — заңнама талаптары мен көмек көрсету стандарттарын сақтау үшін дербес жауапкершілік арқалауы керек.

2026-2028 жылдарға арналған халыққа медициналық көмек сапасын басқаруды жетілдіру бойынша Кешенді жоспар жобасы аясында қаржылық тәртіп және медициналық көмек сапасын басқару мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл ретте мерзімсіз лицензиялау мен бәсекелестік аккредиттеудің қолданыстағы моделі медициналық ұйымның ресми мәртебесі мен нақты клиникалық нәтижелер арасында тікелей байланысты қамтамасыз етпейтіні байқалды.

Осыған байланысты бес жылдық лицензиялауға көшу, медициналық ақпараттық жүйелерді Ұлттық электрондық денсаулық паспортымен міндетті интеграциялау, сондай-ақ аккредиттеудің негізгі функцияларын мемлекеттік контурға қайтару талқыланды. Бұл шаралар бірыңғай стандарттарды қалыптастыруға, реттеудің фрагментациясын азайтуға және медициналық көмек сапасын мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған.

Дөңгелек үстел барысында 2024-2025 жылдары Денсаулық сақтау министрлігі таңдамалы тексерулерден жүйелі қаржылық және цифрлық бақылауға көшкені атап өтілді. 2025 жылғы кешенді тексерулер қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласының шамамен 400 субъектісі қызметін тоқтатты, 500-ден астам әкімшілік жаза шарасы қолданылды, алғаш рет жедел ден қою шаралары — медициналық ұйымдардың қызметін уақытша тоқтата тұру және мамандарды лицензиясыз қызмет үшін шеттету пайдаланылды.

Қатар қаржыландыру мен есепке алу процестеріне тікелей ендірілген превентивті бақылаудың цифрлық құралдары енгізілді. Пациенттерді цифрлық сәйкестендіру 1950 медициналық ұйымды қамтыды, қабылдаулардың 47%-ға жуығы Face ID және электрондық құжаттарды пайдалану арқылы жүргізіледі. Бұл 10,6 млрд теңге сомасында негізсіз қызметтер көрсетудің алдын алуға мүмкіндік берді.

Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесін іске қосу жазулар мен көлемдерді асыра көрсетуді автоматты түрде анықтауды қамтамасыз етіп, сәйкес келмейтін қызметтерді төлеуді болдырмады. Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіндегі бақылау фактіден кейінгі қадағалаудан тұрақты басқарушылық тетікке ауыстырылды, бұл теріс пайдаланушылық қауіптерін едәуір азайтып, МӘМС қаражатын пайдаланудың ашықтығын арттырды.

Талқылау аясында жүйедегі тәртіпті нығайту бойынша келесі қадамдар белгіленді:

тиімділік көрсеткіштерін енгізу;

бақылаудың цифрлық құралдарын кеңейту;

лицензиялау мен аккредиттеу тетіктерін жетілдіру;

нәтиже мен сапаға бағдарланған медициналық көмекті төлеу моделіне көшу.