Эпштейн ісі: 3 миллион құжат, «Ресей ізі» және әлемдік элитаның мазасыздығы
Джеффри Эпштейннің қылмыстық ісіне қатысты АҚШ Әділет министрлігі жариялаған 3 миллионнан астам құжат әлемдік саяси аренада нағыз дауыл туғызды. Бұл материалдар тек бір қылмыскердің тағдырын ғана емес, әлемдік деңгейдегі лауазымды тұлғалардың беделін де таразыға салып отыр. Жарияланған файлдардың ауқымы соншалық, олардың ішіндегі ақпараттар АҚШ-тың экс-президенттерінен бастап, Ресейдің жоғары билік өкілдеріне дейінгі есімдерді қамтиды.
АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп бұл құжаттардың жариялануын өзі үшін үлкен жеңіс деп санайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл материалдар оған қатысты кез келген күдікті сейілтіп, оны толықтай ақтап шықты. Трамптың адвокаты Тодд Бланш та бұл файлдарда президенттің ешқандай заңсыз әрекетке барғанын көрсететін дерек жоқ екенін растады. Дегенмен, «New York Times» газетінің мәліметінше, Трамптың есімі құжаттарда кем дегенде 4,5 мың рет кездеседі. Басылым нақты айғақтардың жоқтығын алға тартып, әзірге президентке қарсы тікелей айыптарды жариялаудан тартынып отыр.
Скандалдың келесі толқыны тағы бір экс-президент Билл Клинтон мен оның жары Хиллариді шарпыды. Олар Эпштейн ісіне қатысты АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасында жауап беруге келісім берді. Билл Клинтон Эпштейнмен таныс болғанын жоққа шығармайды, бірақ оның қылмыстық әрекеттерінен мүлдем бейхабар болғанын және қылмыскердің жеке аралына ешқашан бармағанын айтып ақталуда. Бұл істе тек саясаткерлер ғана емес, Билл Гейтс, Илон Маск, тіпті британдық экс-принц Эндрю сияқты танымал тұлғалардың да есімдері аталуда. Әсіресе, принц Эндрюге қатысты жаңадан пайда болған суреттер оның беделіне қайтадан соққы болып тиді.
Алайда, бұл жолғы басты жаңалық – құжаттардағы «Ресей ізі». Мәліметтерге сүйенсек, Эпштейн ісіне қатысты материалдарда Ресейдің жоғары лауазымды саясаткерлері Дмитрий Медведев пен Сергей Лавровтың есімдері кездеседі. «The Daily Mail» басылымы тіпті Эпштейн Ресей билігінің мүддесі үшін тыңшылық жасап, оның «сексуалды империясы» КГБ-ның арбау тұзағы (honey trap) болуы мүмкін деген болжам жасады. Құжаттарда Ресей президенті Владимир Путиннің есімі 1056 рет, ал Мәскеу қаласы 9629 рет аталады. Тіпті, Эпштейн 2008 жылы сотталғаннан кейін де Путинмен кездесуге талпынған деген деректер бар.
Бұл жағдай халықаралық деңгейде үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Польша премьер-министрі Дональд Тускбұл істі халықаралық деңгейде тергеуге шақырды. Оның пікірінше, Ресей арнайы қызметтерінің бұл іске қатысы болуы әбден мүмкін және бұл бүгінгі таңда белсенді жұмыс істеп жүрген көптеген әлемдік лидерлерге қарсы компроматтардың бар екенін білдіруі мүмкін. Бұл тек адам саудасы мен зорлық-зомбылық мәселесі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік қауіпсіздікке төнген үлкен қатер.
Айта кетейік, Джеффри Эпштейннің құрбаны болған әйелдердің саны 1200-ден асады. Кәмелетке толмағандарды сексуалдық қанауға салғаны үшін айыпталған Эпштейн 2019 жылы Манхэттен түрмесінде сотты күтіп отырған жерінде асылып қалған болатын. Жарияланған жаңа құжаттар оның өлімімен бірге кеткен көптеген құпиялардың шетін шығара бастағандай.