Трамп АҚШ-тағы сайлау жүйесін өзгертпек: демократия өлді ме?
2026 жылдың 4 ақпанында Америка Құрама Штаттарының саяси жүйесінде тағы бір дүрбелең орын алды. Президент Дональд Трамп АҚШ-тағы ондаған жылдар бойы қалыптасқан сайлау жүйесін түбегейлі өзгертіп, оны «ұлттық деңгейге көтеруге», яғни федералдық деңгейге көшіруге шақырды. Бұл мәлімдеме федералды үкіметтің жұмысын қайта бастау туралы заң жобасына қол қою рәсімі кезінде Овальный кабинетте жасалды. Трамптың бұл ұсынысы елдегі қазіргі децентрализацияланған, яғни әр штаттың өз алдына дауыс беруді ұйымдастыру жүйесінен бас тартуды көздейді.
Президенттің пікірінше, сайлаудың әділдігін қамтамасыз ету үшін дауыстарды штат билігі емес, федералдық үкіметтің агенттері есептеуі тиіс. Трамп Овальный кабинеттегі рәсім барысында:
«Мен сайлаудың әділ болғанын қалаймын, егер штат сайлауды өткізе алмаса, менің артымда тұрған адамдар бұл мәселемен айналысуы керек деп есептеймін», – деп мәлімдеді.
Ол Республикалық партия мүшелерін осы бастаманы қолдауға және АҚШ-тағы дауыс беру процесін толықтай орталықтандыруға шақырды. Бұл қадам АҚШ тарихындағы сайлау құқығы мен штаттардың өкілеттілігі арасындағы тепе-теңдікті бұзуы мүмкін үлкен саяси бетбұрыс ретінде бағалануда.
Алайда, Трамптың бұл бастамасы Вашингтондағы саяси ортада бірден қатаң қарсылыққа тап болды. The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, екі партияның да жетекші саясаткерлері президенттің ұсынысын сынға алды. Сенаттағы демократтардың көшбасшысы Чак Шумер бұл бастаманы «шектен шыққан заңсыздық» (outrageously illegal) деп атады. Оның пікірінше, сайлау процесіне федералдық деңгейде араласу қолданыстағы заңнама мен демократиялық принциптерге қайшы келеді.
Республикалық партияның ішінде де бұл мәселеге қатысты бірыңғай қолдау жоқ. Сенаттағы республикашыл көпшіліктің көшбасшысы Джон Тьюн журналистерге берген сұхбатында сайлауды федерализациялауға қарсы екенін ашық білдірді. Тьюннің пайымдауынша, бұл ең алдымен «конституциялық мәселе» болып табылады. АҚШ Конституциясына сәйкес, сайлауды ұйымдастыру және өткізу өкілеттігі дәстүрлі түрде штаттардың құзыретіне жатады. Сондықтан президенттің бұл ұсынысы тек саяси ғана емес, сонымен бірге күрделі құқықтық дау тудыруы мүмкін екені анық.
Жалпы алғанда, Дональд Трамптың сайлау жүйесін «ұлт деңгейіне көтеру» туралы ұсынысы АҚШ-тағы саяси дискурсты жаңа арнаға бұрды. Егер бұл бастама жүзеге асатын болса, ол Америкадағы федерализм негіздерін қайта қарауға мәжбүр етеді. Бірақ конгресмендер мен сенаторлардың алғашқы реакциясы бұл реформаның жолында үлкен заңнамалық және конституциялық кедергілердің тұрғанын айқын аңғартты. Сайлауды бақылауды федералдық агенттерге тапсыру идеясы алдағы уақытта АҚШ-тағы саяси күрестің басты тақырыбына айналуы әбден мүмкін.