logo
search
menu
Трамп ойына келгенін істеп жатыр: тарифті 15%-ға көтерді
Фото: ашық дереккөзден алынды

Трамп ойына келгенін істеп жатыр: тарифті 15%-ға көтерді

АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің барлық елдеріне қатысты енгізілген кедендік баж салығын 10 пайыздан 15 пайызға дейін ұлғайтатынын мәлімдеді. Бұл шешім 21 ақпанда Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланды.

Трамптың айтуынша, жаңа тариф «заңды әрі толық негізделген деңгейге» жеткізілген. Ол көптеген мемлекеттерді ондаған жыл бойы АҚШ-ты «пайдаланды» деп айыптап, енді Вашингтонның бұған жол бермейтінін жеткізді. Сондай-ақ алдағы айларда әкімшілік «заң шеңберінде рұқсат етілген жаңа баж салығын» айқындап, енгізетінін атап өтті.

Бұған дейін, 20 ақпанда АҚШ Жоғарғы соты Трамп әкімшілігінің бірқатар кең ауқымды тарифтерін заңсыз деп таныған еді. Соттың шешімінде Ақ үй басшысы халықаралық төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы 1977 жылғы заңға (IEEPA) сүйене отырып, өз құзыретінен асып кеткені айтылған.

Атап айтқанда, әлемнің көптеген елдеріне қатысты «өзара» баж салығы, сондай-ақ Канада, Мексика және Қытай тауарларына салынған 25 пайыздық тарифтер заңсыз деп танылды.

Трамп бұл үкімді арнайы баспасөз мәслихатында «ел үшін масқара» деп атап, сот мүшелерін «шетелдік мүдделерге бағынышты» деп айыптады.

Сот шешімінен кейін президент жаңа жарлыққа қол қойып, 10 пайыздық ғаламдық тариф енгізген болатын. Енді ол 15 пайызға дейін көтерілді. Жаңа мөлшерлеме 24 ақпаннан бастап күшіне енеді және 150 күн бойы әрекет етеді. Ұзақ мерзімге ұзарту үшін АҚШ Конгресінің мақұлдауы қажет.

Германия канцлері Фридрих Мерц Жоғарғы сот шешімінен кейін ел экономикасына түсетін тарифтік қысым азаяды деген үміт білдірген. Оның айтуынша, бұл – «көптен күткен маңызды шешім».

Мерц Вашингтонға наурыз айының басында Еуроодақпен келісілген ортақ ұстаныммен баруды жоспарлап отырғанын айтты. Себебі тариф саясаты – жеке мемлекеттердің емес, Еуроодақтың құзыретіндегі мәселе.

Ал Германияның қаржы министрі әрі вице-канцлері Ларс Клингбайль жағдайдағы белгісіздік әлі де жоғары екенін ескертті. Оның айтуынша, салалық тарифтер, әсіресе автокөлік және металлургия секторында, сақталып отыр. Сонымен бірге Трамп жаңа баж салығын жариялап үлгерді.

Клингбайльдің пікірінше, кедендік шектеулер Германияға да, АҚШ-қа да зиян келтіреді. Бірақ ең көп зардап шегетіндер – америкалық тұтынушылар.

Трамптың тарифтік саясаты халықаралық сауда жүйесіне айтарлықтай қысым түсіріп отыр. Бір жағынан, Ақ үй ұлттық экономиканы қорғауды алға тартады. Екінші жағынан, сарапшылар мұндай шешімдер жаһандық сауда байланыстарын әлсіретіп, бағаның өсуіне алып келуі мүмкін екенін ескертеді.

Жаңа 15 пайыздық тарифтің нақты салдары алдағы айларда айқындала бастайды. Бірақ бір нәрсе анық: Вашингтонның бұл қадамы халықаралық экономикалық қатынастарда кезекті шиеленісті кезеңнің басталғанын аңғартады.