logo
search
menu
Диагноздан кейінгі өмір: Астанадағы АИТВ профилактикасының сенімді тірегі

Диагноздан кейінгі өмір: Астанадағы АИТВ профилактикасының сенімді тірегі

Қазіргі медицина дамуының нәтижесінде АИТВ бұрынғыдай үкім емес, бақылауда ұсталатын созылмалы жағдай ретінде қарастырылады. Уақтылы және жүйелі түрде қабылданатын антиретровирустық терапия (АРТ) адамның қалыпты өмір сүруіне, еңбек етіп, отбасы құруына және дені сау ұрпақ тәрбиелеуіне мүмкіндік береді. Мұндай нәтижеге жетудің басты шарты – емге тұрақты түрде бейім болу және дәрігерлерге сенім арту. Астана қаласындағы «АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» емдеу бөлімінің медбикесі Максутова Асем Сайлаубековна күнделікті жұмысында осы сенім мен жауапкершілікті қалыптастыруға үлес қосып келеді.

Денсаулық сақтау жүйесінде он бес жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Асем Сайлаубековнаның басты міндеті – пациенттердің емді үзбей қабылдауына көмектесу. Диагнозды жаңа естіген адамдар көбіне үрей мен белгісіздікке тап болады. Осындай сәтте ол кәсіби кеңес беріп, психологиялық қолдау көрсетеді, заманауи емнің тиімділігі туралы түсіндіреді. Әр пациентпен жеке жұмыс істеп, олардың жағдайына түсіністікпен қарауы емдеу процесін тек медициналық қызмет қана емес, адамгершілік қолдауға негізделген жүйеге айналдырды.

Медбикенің еңбегі елорданың эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де маңызды әсер етеді. Пациенттер ем режимін тұрақты сақтаған кезде ағзадағы вирустық жүктеме анықталмайтын деңгейге дейін төмендейді. Бұл халықаралық «Анықталмайды – жұқпайды» қағидасына сәйкес вирустың таралу қаупін іс жүзінде жояды. Сонымен қатар, Асем Сайлаубековна жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға инфекциялық қауіпсіздік талаптарын сақтауды және медициналық этиканың жоғары стандарттарын ұстануды үйретеді.

Медицина мамандығын таңдауға кезінде ата-анасының тілегі әсер еткен. Бүгінде ол кәсіби жауапкершілігі жоғары қызметті атқара отырып, отбасындағы ана рөлін де үйлесімді алып жүр. Максутова Асем Сайлаубековнаның қызметі – заманауи медицина мүмкіндіктері мен адамдық жанашырлық тоғысқанда, кез келген диагнозбен де сапалы әрі мәнді өмір сүруге болатынын көрсететін нақты мысал.