logo
search
menu
Сұмдық: Парсы шығанағында мұнай өндірісі тоқтауы мүмкін
Фото: Ашық дереккөзден алынды

Сұмдық: Парсы шығанағында мұнай өндірісі тоқтауы мүмкін

Таяу Шығыстағы соғыс әлемдік энергетикалық нарыққа жаңа қауіп төндіріп отыр. Катар билігі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы ұзаққа созылса, Парсы шығанағындағы мұнай өндіру толық тоқтауы мүмкін екенін ескертті. Мұндай жағдайда әлемдік нарықта мұнай бағасы күрт өсіп, жаһандық экономикаға ауыр соққы болуы ықтимал.

Бұл туралы Катардың энергетика министрі Саад әл-Кааби Financial Times басылымына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, аймақтағы жағдай өзгермесе, бірнеше апта ішінде Парсы шығанағындағы барлық мұнай өндіруші елдер өндірісті тоқтатуға мәжбүр болуы мүмкін.

Министрдің сөзінше, көптеген елдер жақын күндері «форс-мажор» жариялауы ықтимал. Яғни, қауіпсіздік жағдайына байланысты мұнай экспортын уақытша тоқтатуға мәжбүр болады.

«Егер жағдай өзгермесе, бірнеше күннің ішінде аймақтағы барлық экспорттаушылар форс-мажор жариялайды деп күтеміз. Соғыс тағы бірнеше аптаға созылса, оның салдары бүкіл әлем экономикасына әсер етеді. Энергия бағасы барлық елдер үшін қымбаттайды. Кейбір тауарлар тапшылығы туындап, өндіріс тізбегі бұзылады. Көптеген зауыттар жеткізілімді қамтамасыз ете алмай қалады», – деді әл-Кааби.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін көтерілуі мүмкін.

Мұнай бағасы күрт өсті

Иранға қарсы әскери әрекеттер басталғаннан бері әлемдік мұнай нарығы бірден реакция көрсетті. Әсіресе Ормуз бұғазы жабылып қалуы мүмкін деген қауіп инвесторларды алаңдатып отыр.

6 наурыз күні Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 87,66 долларға дейін көтерілді. Бұл – 2024 жылдың шілдесінен бергі ең жоғары көрсеткіш. АҚШ пен Израиль Иранға соққы бере бастағаннан бері Brent мұнайы 20 пайыздан астам қымбаттаған.

Сарапшылардың пікірінше, басты қауіп – әлемдік мұнай тасымалының негізгі дәлізі саналатын Ормуз бұғазыныңжабылуы. Бұл тар өткел арқылы әлемдік мұнай тасымалының шамамен үштен бірі өтеді.

Катар энергетика министрінің айтуынша, қазіргі жағдайда танкерлер үшін Ормуз бұғазы арқылы жүру өте қауіпті болып отыр. Соғыс басталғаннан бері бұл бағыттағы теңіз қатынасы іс жүзінде тоқтаған.

Бірқатар танкерлер шабуылдан зақым алған. Сонымен қатар сақтандыру компаниялары теңіз тасымалы үшін тарифтерді күрт өсірген. Мұндай жағдайда кеме компаниялары экипажы мен кемелерін тәуекелге тігуден бас тартып отыр.

Ормуз бұғазы – әлемдік энергия артериясы

Еске сала кетсек, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына әуе соққыларын жасай бастады. Тегеран бұған жауап ретінде Израиль мен АҚШ-тың Парсы шығанағындағы одақтастарына зымырандар мен дрондар арқылы шабуыл жасады.

Сонымен қатар Иран билігі Ормуз бұғазын толық жауып тастау мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Қақтығыстың салдары энергетика секторында бірден байқала бастады. 2 наурызда Катар Иран шабуылдарының қаупіне байланысты сұйытылған табиғи газ өндіруді уақытша тоқтататынын жариялады.

Айта кету керек, Катар – әлемдегі ең ірі сұйытылған газ экспорттаушылардың бірі. Бұл елдің үлесіне жаһандық СПГ экспортының шамамен 20 пайызы тиесілі.