Қазақстанда тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабы жұмысын бастады
13 наурыз күні Алматы қаласында республикалық референдум өткізу кезеңіндегі жұмысты ұйымдастыруға арналған тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабының екінші брифингі өтті.
Брифинг барысында штаб жұмысының белсенді кезеңге өткені жарияланды. Ақпараттық алаң 14 наурыздан бастап жұмыс істейді және референдум өтетін күн бойы, сондай-ақ дауыс беру қорытындылары толық шығарылғанға дейін қызметін жалғастырады.
Штабтың негізгі міндеті – дауыс беру барысы туралы азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын жедел ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ болып жатқан үдерістер жөнінде объективті ақпараттық көрініс қалыптастыру. Сонымен қатар келіп түсетін ақпаратты тексеруге және жалған хабарламалар мен фейк ақпараттардың таралуына жол бермеуге ерекше назар аударылады.
Штаб жұмысының трансляциялары мен ақпараттық қосылымдар Independ.kz YouTube арнасында көрсетіледі. Штаб жұмысына қатысты анонстар, жаңалықтар және жедел ақпарат Алматы қаласының Қоғамдық коммуникациялар орталығының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланып отырады.
Брифинг барысында тәуелсіз байқаушылар коалициясының құрамы туралы да ақпарат берілді. Коалиция құрамына Алматы қаласында 2,5 мыңнан астам тәуелсіз байқаушыны біріктіретін 6 үкіметтік емес ұйым кірді.
Коалиция өкілдері еліміздің басқа өңірлерінде де жұмыс істейді. Референдум күні Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қазақстанның оннан астам өңірінен тікелей қосылымдар жоспарланған. Бұл еліміздегі жағдай бойынша жедел әрі тұтас ақпараттық көрініс қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Брифингке қатысушылар референдум кезеңінде ақпаратқа жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын атап өтіп, азаматтарды заң мен тәртіпті сақтауға, арандатушылықтарға ермеуге және ақпаратты тек сенімді дереккөздерден алуға шақырды.
Сондай-ақ азаматтардың дауыс беруге қатысуы демократиялық үдерістердің маңызды бөлігі екені және әрбір қазақстандық өз азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік алатыны атап өтілді.