Із-түссіз жоғалған отбасы ісін зерттеген "Атыраулық хакердің" ұсталған видеосы тарады (ВИДЕО)
Атырау облысында бір отбасының қазасына қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған істі өз бетінше зерттеумен танылған "Атыраулық хакер" лақап атымен белгілі Нұрлан Түркияда ұсталды.
Бұған дейін Нұрлан Атырау облысы Жангелдин ауылында қаза тапқан отбасы мүшелері туралы істі әлеуметтік желілерде белсенді түрде талдап, өз болжамдарын жариялап отырған. Отбасының екі ересек мүшесінің мәйіті табылғаннан кейін ол оқиғаға қатысты түрлі деректер мен түсіндірмелер ұсынып, көпшіліктің назарын аударған. Осылайша оның парақшаларына жазылған оқырмандар саны да көбейген.
Ресми органдар ақпаратты қысқа әрі шектеулі түрде жариялаған кезде, Нұрлан өз зерттеулерін әлеуметтік желіде кеңінен бөлісіп отырған. Ол отбасы мүшелеріне тиесілі SIM-карталардың қозғалысын зерттегенін айтып, кейбір телефондар адамдар жоғалып кеткеннен кейін де белсенді болғанын мәлімдеген. Сонымен қатар геолокация деректері олардың Қазақстан аумағынан тыс бағытта қозғалған болуы мүмкін екенін болжаған.
Кейіннен оның кейбір айтқан мәліметтері шындыққа жанасатыны белгілі болғаны да айтылды.
Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпараттардың басым бөлігі полицияның өзінде бұрыннан болғанын мәлімдеді. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл деректер кейін ресми іздеу шаралары аясында жарияланған.
Сонымен қатар полиция департаменті Нұрланның өзіне қатысты алаяқтық фактілері бойынша бірнеше қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Мәліметке сәйкес, оған қатысты төрт қылмыстық іс қозғалып, келтірілген жалпы шығын көлемі 13 миллион теңгеден асқан.
Күдікті Түркияның Самсун қаласында Интерпол желісі арқылы ұсталған. Қазіргі уақытта оны Қазақстанға, нақтырақ айтқанда Атырау қаласына экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.